Үндістанда дәстүрлі Навратри фестивалі қарсаңында әлеуметтік желілерде ерекше қызмет — «гарба биіне серіктес жалдау» туралы вирустық жазба тарады. Instagram-дағы жазбаның авторы Криш Мистри есімді қолданушы «Осы Навратри жалғыз билеме!» деген ұранмен жарнамалық плакат жариялап, билейтін серігі жоқ адамдарға арналған үш тарифтік пакетті ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ең қолжетімді «Күміс» пакеті 1000 рупийге бағаланған. Бұл сомаға клиент екі сағат бойы гарба биін бірге билеуді, жұптасып киім таңдауды, негізгі қимылдарды үйренуді және бірге селфи жасауды алады.

1500 рупий тұратын «Алтын» пакеті төрт сағатқа есептелген. Оған бірге бейнежазбалар түсіру, сондай-ақ достарға арналған сүйкімді танысу тарихын ойлап табу және клиенттің таныстарын «аға» және «жеңге» деп атау мүмкіндігі кіреді.

Ең қымбат «Платина» пакеті 2000 рупийге күні бойы сүйемелдеуді, дәстүрлі киім элементтері мен әшекейлерге көмектесуді, ең үздік би қимылдарын көрсетуді және іс-шара аяқталған соң үйге қауіпсіз шығарып салуды ұсынады.

Жазба 1,7 миллионнан астам қаралым жинап, қолданушылар арасында қызу талқылау тудырды. Көптеген комментаторлар ұсынысты әзіл немесе Z ұрпағының өзіндік табыс табу жобасы ретінде қабылдады, ал кейбір жазылушылар қызметті брондауға шынайы қызығушылық танытты.