Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы қатты нөсер салдарынан кемінде 56 адам қаза тауып, мыңнан астам үй қирады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің India Today-ға сілтеме жасап, штат үкіметінің деректеріне сүйеніп хабарлауынша, 60 сағатқа созылған үздіксіз жаңбырдан 56 адам көз жұмып, тағы 46 адам жарақат алған. Сонымен қатар 107 мал өліп, 1 021 үй қираған.

Ең көп өлім Ситапурда тіркелді — жеті адам, Лакхимпур-Кхери, Бахрайч және Балрампурда — бес-бестен. Харгойда 272 үй қираған — бұл басқа округтерге қарағанда көп. Қатты жаңбыр бірқатар ауданда су тасқыны мен көлік қозғалысының үзілуіне әкелді.

Метеорологиялық деректерге сәйкес, тәулік ішінде Бандада 227,6 мм, Фатехгархта — 224 мм, Бахрайч округінің Нанпар ауылында — 217 мм, Харгойда — 214 мм жауын-шашын түскен.

27 қыркүйек, жексенбі күні Үндістанның метеорологиялық департаменті Шығыс Уттар-Прадештің бірқатар ауданында қайтадан қатты жаңбыр мен найзағай болады деп болжады.