Home Credit Bank басшылығы 2025 жылға 1,3 млрд теңге көлемінде сыйақы алғанын infohub.kz сайты хабарлайды.
Банк басқармасының құрамында үш адам болды, олар желтоқсан айының соңында акционерлер ауысқаннан кейін банктен кетті. Орта есеппен әрқайсысы жылына 439 млн теңге алды.
2025 жылы Home Credit Bank басқарма мүшелеріне төленген жалпы сома 1,3 млрд теңгені құрады. Бұл сомаға жалақылар мен барлық ақшалай көтермелеу түрлері кіреді. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда банк басшылығының сыйақысы бес есе өсті: 2024 жылы ол 293 млн теңгені құраған еді.
Банк басқармасы 2025 жылдың соңына дейін, сондай-ақ 2024 жыл бойы үш адамнан тұрды: Болгариядан шыққан басқарма төрағасы Кирил Бачваров, қазақстандық Виктор Батрак және Чехиядан келген Зденек Фоукал.
11 желтоқсанда банктің бақылау пакеті ForteBank-ке өткеннен кейін, Home Credit Bank басқармасының жаңа төрағасы Шолпан Нұрымбет болғаны жарияланды. Жыл соңына қарай банк басқармасының құрамы толығымен жаңартылды. Бачваров пен Фоукалдың орнына Динара Ахатова, Гаухар Масанғалиева және Станислав Тян келді.
Осылайша, жылдың көп бөлігінде басқарма құрамы өзгермегенін ескерсек, оның мүшелері орта есеппен жылына 439 млн теңге алды. Бұл айына 36,6 млн теңге табысқа тең.
Айта кетейік, 2025 жылдың ортасына дейін Home Credit Bank чехиялық PPF Financial Holdings компаниясының қызметкерлеріне және тікелей компанияның өзіне тиесілі болды. Ірі акционерлердің бірі компанияның топ-менеджері Иржи Шмейц еді. PPF-тің иесі — Чехиядағы ең бай әйел Рената Келлнерованың отбасы (оның байлығы $19 млрд деп бағаланады).
Маусым айында ForteBank Home Credit Bank-тің 100% акциясын сатып алу туралы принципті келісімге қол жеткізді. Мәміле желтоқсан айының соңында аяқталды.


