Йемен хуситтері Сауд Арабиясының оңтүстік-батысындағы Жизан қаласындағы мемлекеттік Saudi Aramco компаниясының мұнай өңдеу зауытына соққы берді. Шабуыл ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы жасалған, деп хабарлайды Associated Press. Бұл корольдіктің ірі мұнай өндірушісінің нысандары бүлікшілердің нысанасына айналған алғашқы оқиға емес... деп хабарлайды infohub.kz.

Хуситтердің өкілі Яхья Сариа шабуылдың дәл мұнай өңдеу зауытына жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер Сауд дрондарының Йемен әуе кеңістігін бірнеше рет бұзуына жауап болып табылады.

Жексенбі күні Сауд Арабиясының Энергетика министрлігі Aramco нысанында өрт шыққанын растады. Өрт тез арада сөндірілді, зардап шеккендер жоқ. Алайда ресми өкілдер өрттің себебін нақтыламады.

Сонымен қатар, хуситтер Қызыл теңіз жағалауында орналасқан Мокка портына соққы берді. Йемен билігінің мәліметінше, портқа зымырандар мен дрондар ұшырылған.

Saudi Aramco — Сауд Арабиясының мемлекеттік мұнай компаниясы, әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің бірі. Ол мұнай мен газды өндіру, өңдеу және экспорттаумен айналысады, ал оның нысандары корольдіктің энергетикалық инфрақұрылымының негізгі буыны болып табылады.

Жизан кешені тәулігіне 400 мың баррельге дейін мұнай өңдей алады. Кәсіпорында бензин, құрамында күкірті өте төмен дизель отыны, бензол және параксилол өндіріледі.

Aramco нысандарына жасалған шабуылдар бұрын да жеткізілімде үзілістерге және Сауд Арабиясының мұнай инфрақұрылымына қатысты шиеленістің артуына әкелген.

Жаңа шиеленісу аясында Иран Ормуз бұғазына қатысты талаптарын қатайтты. Тегеран АҚШ-пен келіссөздер алға қойылған шарттар орындалғанға дейін қайта басталмайтынын мәлімдеді. Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи сондай-ақ Оманмен бұғаз арқылы өтетін жаңа теңіз бағыттары бойынша келіссөздердің соңғы кезеңінде екенін хабарлады. Сонымен бірге, бағыттар туралы келісім бұғаздың автоматты түрде ашылуын білдірмейтіні атап өтілді.

Еске салайық, Иран АҚШ-тан әскери әрекеттерді тоқтатуды, теңіз блокадасын алып тастауды, аймақтан әскерлерді шығаруды, санкцияларды жоюды және соғыстан келген залалды өтеуді талап етеді.