Оңтүстік Кореяның Hyundai және Kia автокөлік өндірушілері Plasma Care UVC деп аталатын инновациялық технологияны ұсынды. Бұл технология жолаушылар ішінде отырған кезде де, тіпті көлік қозғалып келе жатқанда да салонды залалсыздандыруға мүмкіндік береді. Әзірлеме толқын ұзындығы 200–230 нм болатын алыс ультракүлгін сәулесін (Far-UVC) пайдаланады және жағымсыз иістерді азайтуға да көмектеседі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Технологияның негізіне толқын ұзындығы 200–230 нм сәулелену жатыр. Әзірлеушілердің мәліметінше, мұндай ультракүлгін вирустар мен бактерияларды тиімді жояды, бірақ терінің жоғарғы қабатына іс жүзінде енбейді және көзге қауіп төндірмейді.

Инженерлер автокөлік үшін дірілге және температураның өзгеруіне төзімді ықшам плазмалық шам жасады. Ол сондай-ақ сәулелену диапазонын бақылайтын арнайы оптикалық сүзгімен жабдықталған.

Сынақтар барысында 30 минут ішінде ауадағы вирустар саны 96,8%-ға азайды. Жеке зертханалық сынақта пневмония тудыратын бактериялар 30 секунд ішінде 99,9%-ға жойылды. Kia PV5 үлгісінде сынақ кезінде жүйе 40 минут ішінде ішек таяқшасының 99,9%-ын жойды.

Әзірге Plasma Care UVC зерттеу жобасы болып қалып отыр. Hyundai мен Kia технологияны сериялық көліктерге орнатуды қарастырмас бұрын, оның тиімділігі мен қауіпсіздігін халықаралық стандарттарға сәйкес тексере береді.