Биылғы пародиялық ғылыми сыйлық — Игнобель — алғаш рет АҚШ-тан тыс жерде, Цюрихте өтті. Салтанатты шараға қатысушылардың виза алу қиындықтарына байланысты ұйымдастырушылар 35 жылдан кейін Еуропаға ауыстыруды жөн көрді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Сыйлықтың бұл жолғы иегерлері — 10 зерттеу тобы. Олардың қатарында тарақан сүтін зерттеген ғалымдар, іш киім арқылы топырақ сапасын анықтаған мамандар, сүйісу эволюциясын қалпына келтірген Оксфорд университетінің өкілдері Мәтильда Бриндл мен Стюарт Вест, сондай-ақ Флорида технологиялық институтынан Кэтрин Талбот және мұрын қаққан кездегі процесті зерттеген марқұм доктор Токуджи Унно бар.
Дәстүр бойынша, шара барысында көрермендер қағаз ұшақтар жасап, сахнаға лақтырды. Бұл — Игнобель сыйлығының ажырамас бөлігі. Салтанатты рәсім Швейцарияның Цюрих қаласындағы конгресс-орталықта өтті. Жеңімпаздарға саңырауқұлақ пен адам аяғының қосындысын еске түсіретін арнайы мүсінше табысталды.
Алдағы уақытта ұйымдастырушылар Цюрих пен басқа да Еуропа қалаларында кезектесіп өткізуді жоспарлап отыр. 2027 жылы шара Бельгияның Антверпен қаласында өтеді. Бұған дейін Игнобель Гарвард, Массачусетс технологиялық институты және Бостон университетінде өткен еді. Алайда АҚШ-қа қайта оралу жоспары жоқ.
Шараның жүргізушісі әрі журнал редакторы Марк Абрахамс наурыз айында Associated Press агенттігіне жолдаған хатында: «Өткен жыл ішінде қонақтарымыздың елге келуі қауіпті болды», — деп мәлімдеген. Игнобель сыйлығының Нобель сыйлығына еш қатысы жоқ. Ал Нобель сыйлығының иегерлері қазан айының басында жарияланады.


