Шомылу маусымы басталғаннан бері Қазақстанда 69 бала суға кетті. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарға ескерту жасады, деп хабарлайды infohub.kz.

ІІМ ведомстволық сайтының мәліметінше, бақытсыз жағдайлар көбінесе жабдықталмаған жерлерде шомылу салдарынан болады. Балалар түбі тексерілмеген, айналым мен күшті ағысы бар стихиялық жағажайларда шомылады. Сондай-ақ ересектердің демалу кезінде алкогольді ішімдіктерді теріс пайдалануы салдарынан балалар назарсыз қалып, қаза табады.

Құқық қорғау органдары тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік (ӘҚБтК-нің 364-бабы) қарастырылғанын еске салды. Жыл басынан бері 2700-ден астам құқық бұзушы жауапқа тартылды.

ІІМ су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады:

– жабдықталмаған жерлерде шомылудан аулақ болу;

– демалыс кезінде балаларды қадағалап, назардан тыс қалдырмау;

– балаларға бейтаныс жерлерде шомылудың қауіптілігін түсіндіру (күшті ағыс, тастар, қоқыс, айналымдар);

– ыстықта суық суға түсудің қауіпті екенін ескеру – кенеттен температура өзгерісі қан тамырларының түйілуіне және құрысуға әкеледі.