Жаңа оқу жылы басталғалы бері Қазақстан полицейлері мектептер мен оқу орындарында ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізді. Енді Ішкі істер министрлігі барлық ата-аналар мен кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне, сондай-ақ студент жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарға жүгінді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомствоның түсіндіруінше, профилактикалық іс-шаралар елдегі барлық дерлік мектеп пен оқу орнын қамтыды. Барлығы 16 мың профилактикалық шара өткізілді, оның 5 мыңнан астамы тәжірибелі педагогтердің, психологтердің және нарколог дәрігерлердің қатысуымен өтті.

ІІМ дерегінше, бүгінгі таңда нашақорлық қылмысы бойынша 69 кәмелетке толмаған жас ұсталды. Олардың 40-ы есірткі сатқаны үшін, 27-сі аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін, 2-еуі есірткіні жарнамалап, насихаттағаны үшін жауапқа тартылды. Ұсталғандардың арасында 52 ұл және 17 қыз бар.

«Құрметті ата-аналар мен заңды өкілдер! Мына жағдайлар сізді ерекше алаңдатуы тиіс: кенеттен ақша немесе қымбат заттардың пайда болуы, телефон мен хат-хабардағы жасырындық, түрлі нысандардың күмәнді скриншоттары. Есірткі айналымының нақты белгілері — бұл, ең алдымен, түйіншектер, пакеттер, изолента, электронды таразы және өзге де заттар. Жасөспірімнің айналасына, бос уақытын қалай өткізетініне назар аудару керек. Оның әлеуметтік желілерде кімге жазылғанын, мессенджерлерде кіммен сенімді қарым-қатынаста екенін біліп отырыңыз», — деді ІІМ нашақорлыққа қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов.