Қазақстан Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балаларды, әсіресе түнгі уақытта, қадағалауды күшейтуге шақырды. Себебі көптеген ата-ана жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Ведомствоның мәлімдемесінде ерекше назар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектерсіз жүру фактілеріне аударылған. Соңғы жедел-профилактикалық іс-шара барысында 25 мыңнан астам кәмелетке толмаған анықталды.

«Ата-аналардың назарын балалардың қайда жүргенін және уақытын қалай өткізетінін қадағалауды күшейтуге, сондай-ақ ата-аналық міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылатынын тағы да ескертеміз», — делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының айналасындағы аумақтардың жол инфрақұрылымын ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. 3 мыңға жуық нұсқама шығарылып, оларды жою бойынша шаралар қолданылуда.

ІІМ 40-тан астам лауазымды тұлғаның жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Бұдан бөлек, балаларды тасымалдайтын автокөлік құралдарының техникалық жағдайы тексерілді.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, балалардың қауіпсіздігі үшін ең алдымен ата-аналар жауапты екенін тағы да еске саламыз. Балалардың мінез-құлқын, эмоционалдық жай-күйін күн сайын қадағалап, алғашқы алаңдатарлық белгілер байқалса, дереу полиция органдарына хабарлау маңызды. Балалар қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыс оқу орындарында да, көшелер мен жолдарда да жалғасуда», — деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков.