Қазақстан ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіріп, блогерлер мен ақпарат алаңдарының иелерін ақпаратты жауапкершілікпен таратуға шақырды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Карина медициналық тексеруден өту нормасы 2014 жылдан бері қолданыста екенін және бұл жаңа емес екенін атап өтті. Алайда қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасында дерекқорлар біріктірілді, осының арқасында тексеруден өту туралы мәліметтер ведомствоаралық деңгейде автоматты түрде берілетін болады.
Әсіресе 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар адамдарға қойылатын талаптар нақты түсіндірілді. Олар екі жылда бір рет әдеттегі жүргізуші медициналық тексеруден өтуі тиіс. Нәтижелер ІІМ жүйесінде автоматты түрде көрсетіледі, қосымша анықтамалар немесе өтініштер қажет емес. «Жүргізуші куәлігін ұзарту үшін жүгінудің немесе ІІМ-ге бөлек хабарлаудың қажеті жоқ. Біз азаматтарды тыныштандырғымыз келеді: ешқандай жаңа бюрократиялық рәсімдер енгізілмейді. Барлығы барынша қарапайым, ыңғайлы әрі жүргізушілер үшін артық кедергілерсіз», – деп атап өтті ІІМ өкілі.
Сонымен қатар Карина блогерлер мен ақпараттық ресурс иелеріне: «Блогерлер мен ақпарат алаңдарының иелерін жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, бұдан былай жарияланымдарға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Дұрыс емес түсіндірмелер азаматтарды адастыруы мүмкін. Сондықтан тек мемлекеттік органдардың ресми жарияланымдарын пайдалануды ұсынамыз. Біз түсіндіруге әрқашан ашықпыз», – деді.
Еске сала кетейік, 25 тамызда «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұған дейін ІІМ оларға түсініктеме берген болатын.


