Қазақстан Ішкі істер министрлігі азаматтардың қандай жағдайда пышақ алып жүре алатынын және қандай шектеулер қолданылатынын түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ведомствоның түсіндіруінше, пышақ жататын суық қаруды кәмелетке толған адамдар азаматтық қаруды сақтауға және алып жүруге рұқсаты мен аңшылық куәлігі болған жағдайда ғана сатып ала алады.
«Арнайы рұқсат пышақты алып жүруге ғана емес, сатып алуға да қажет. Сонымен қатар сатып алынған суық қару иесінің аңшылық куәлігіне енгізілуі тиіс. Оған қоса, пышақты тек мамандандырылған дүкендерден сатып алу керек», — деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі.
Министрлік қарудың және құрылымы жағынан қаруға ұқсас бұйымдардың кез келген түрін сату туралы ақпаратты тұрақты түрде бақылап отыратыны атап өтілді.
«Аталған ақпарат расталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылады. Азаматтық қару тек мамандандырылған дүкендердің сауда залдарында сатылады», — деді ведомство.
Сонымен қатар «Қарудың жекелеген түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы» заңның 7-бабы 2-тармағының 9-тармақшасына сәйкес, тиісті тіркеусіз ұзындығы 90 миллиметрден асатын суық жүзді қарудың айналымына тыйым салынады.
«Пышақты тұрмыстық мақсатта алып жүрсеңіз, жүзінің ұзындығы 9 сантиметрден аспауы керек. Қажет болғанда пышақты жолға, көлікке немесе басқа жерлерге алып шықсаңыз, осы норманы ескерген жөн», — деп нақтылады ІІМ.
Министрлік сондай-ақ 2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша алты жедел-профилактикалық іс-шара өткізілгенін қосты. Олар қару қолдану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ заңсыз сақталған қару заттарын анықтауға бағытталған.


