Қазақстан Ішкі істер министрлігі шекарада жүргізушілерден ақша бопсалады деп күдіктелген қылмыстық топ мүшелерінің ұсталу сәтін жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Аталған ведомство ұйымдасқан қылмысқа, бопсалаушылыққа және азаматтар мен кәсіпкерлерге қарсы қылмыстық қысымның өзге де түрлеріне қарсы жүйелі түрде кешенді шаралар қолданып келеді. Қылмыстық топ құрамында әрекет ететін адамдарды анықтауға, құқыққа қарсы әрекеттің барлық қатысушысын белгілеуге және олардың қылмыстық схемаларын жоюға ерекше көңіл бөлінеді.

23 қыркүйекте Жамбыл облысының полицейлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, аталған өңірдегі шекара бекетінен өткен ауыр жүк, жолаушы, жеңіл және транзиттік көлік жүргізушілерінен ақшаны жүйелі түрде бопсалады деп күдіктелген қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.

27 тінту шарасы жүргізілді. Суық қару, байланыс құрылғылары, ірі көлемдегі ақша, сондай-ақ автокөліктер тәркіленді.

Тергеу адамдар тобы жасаған бопсалаушылық фактісі бойынша жүргізілуде. Қазіргі таңда құқыққа қарсы әрекеттің барлық мән-жайы, оған қатысушылардың әрқайсысының рөлі, сондай-ақ қосымша эпизодтар анықталуда.