Қазақстанда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) қалыптастыру және түзету тәртібін өзгерту ұсынылды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тиісті бұйрық жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Құжатты ІІМ дайындап, «Ашық НҚА» порталында жариялады. Жаңа ережелер шетелдіктердің ЖСН рәсімдеу кезінде тексерілуіне қатысты.

Құжатта атап өтілгендей, жоба шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар туралы мәліметтерді, олардың Қазақстан Республикасында болуы (тұруы) иммигранттардың эталондық дерекқорының мәліметтері негізінде сәйкестігін тексеру тәртібін көздейді.

«Жобаны іске асыру ЖСН қалыптастыру және түзету бойынша мемлекеттік қызмет көрсету кезінде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болуының (тұруының) заңдылығын тексеруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ осы мемлекеттік қызметті көрсетуде пайдаланылатын мәліметтердің дұрыстығын арттыруға мүмкіндік береді», — делінген құжатта.

Бұйрық жобасының қоғамдық талқылауы 28 қазанға дейін жалғасады.