Аллергия мен демікпемен жиі байланыстырылатын эозинофилдер — иммундық жасушалар. Семіздік кезінде олар биологиялық жынысқа қарай түрліше әрекет етеді: организмді қабынудан қорғай алады, сонымен қатар зат алмасудың бұзылуын тереңдете түсуі мүмкін. Бұл тұжырымға Риверсайдтегі Калифорния университетінің биомедицина ғылымдары профессорлары Мира Наир мен Адам Годзиктің жетекшілігімен жұмыс істеген мамандар келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Зерттеу нәтижелері PNAS Nexus журналында жарияланды. ScienceDaily жазуынша, ғалымдар май тінінен эозинофилдердің алты түрін анықтап, аналық дарақтарда бұл жасушалардың сау зат алмасуды неғұрлым тиімді қолдайтынын анықтаған.

Жоғары ажыратымдылықтағы жеке жасушаларды секвенирлеу әдісімен ғалымдар тышқандардың май тінін зерттеп, әрқайсысы гендер белсенділігімен ерекшеленетін эозинофилдердің алты түрлі популяциясын бөліп алды. Аналық дарақтарда басқа иммундық жасушалармен — макрофагтармен — тиімді әрекеттесіп, май тінінде сау ортаны қолдайтын қорғаныш эозинофилдер бар екені белгілі болды. Бұл үдеріске макрофагтар өндіретін RELM alpha ақуызы ықпал етеді. Ал майы көп диетадағы аталық дарақтарда, керісінше, қабынудың дамуымен және әлсіреген қорғаныш қызметімен байланысты эозинофил популяциялары қалыптасқан.

Жұмыс авторлары Ребекка Руджиеро-Рафф пен Синьжу Цюдің айтуынша, иммундық жүйеге әсер ететін дәрілер ерлер мен әйелдерде түрліше әрекет етуі мүмкін. Тәжірибелер тышқандарда жүргізілгендіктен, келесі қадам — семіздік асқынуларын емдеу үшін иммундық жасушалардың өзара әрекеттесуін басқаруға бола ма, соны тексеру мақсатында зертханада адамның май тінінің үш өлшемді органоидтарын жасау.