Ирактың оңтүстігіндегі университетте ер ұстаздардың қыз студенттерге сабақ беруіне тыйым салынуы наразылық тудырды. Екі аптаға созылған наразылыққа 400-ге жуық қыз қатысқан деп есептеледі. Олар Әл-Қадисия университетіндегі ұстаздарын қайтаруды талап етіп, әкімшілікті таңғалдырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Университет бұл қадамды ерлер мен әйелдердің «араласуын болдырмау» үшін қажет деп түсіндірді және оны қыз студенттердің отбасылары сұраған дейді. Алайда студенттер отбасылары қыздары оқуға түскенге дейін-ақ ұстаздар арасында ерлер бар екенін білгенін және қыздарының наразылығын қолдайтынын айтады.

Студенттердің сөзінше, университет басшылығы олардың наразылығын келеке етіп, ғылыми жетекшілерінің кенеттен жоғалуына қатысты алаңдаушылығын талқылаудан бас тартқан. Әлеуметтік желілерде де пікір білдірушілер қыздарды ер ұстаздарды «олармен азғындық қатынас орнату үшін» ұстап қалғысы келеді деп айыптады.

«Мен және сыныптастарым наразылыққа шыққанда университет президенті Рахи әл-Ясири өз күзетшілерімен жолымызды жауып тастады, олар бізді келеке ете бастады. Ол күзетшілеріне бізді қорқытып, кейін жазалау үшін бетімізді суретке түсіруді бұйырды», — деді 22 жастағы қыз студенттердің бірі Худа.

Худаның айтуынша, студенттер Ирак қоғамында ерлер мен әйелдер әлі де бірге жұмыс істейтінін түсіндіруге тырысқан. «Ерлер мен әйелдерді емдейтін дәрігерлер жоқ па? Онда неге ер ұстаздардың бізге сабақ беруіне тыйым саласыздар?» — деп сұраған олар. Худаның сөзінше, әл-Ясири бұған: «Қабырғаға басыңды соқсаңдар да, ұстаздарды қайтармаймын», — деп жауап берген.

Студенттердің айтуынша, олардың көбісі ұстаздардың жетекшілігімен дипломдық жобалар мен зерттеулер жасап жатқан. Олар ұстаздарының оқыту әдістеріне үйреніп қалғанын, ұстаздардың да студенттердің күшті және әлсіз тұстарын білетінін айтады, бұл осы кезеңде оларды ауыстыруды қиындатады.

Қыз студенттер университет оларға өзгеріске көңілі толмаса, оқудан шығуға тиіс екенін айтқанын жеткізді.

Кардифф университетінен ирак-британ феминист зерттеушісі Балсам Мустафа қыз студенттерге «оқу өміріне әсер ететін шешімдерге қарсылық білдіруге құқығы жоқ кәмелетке толмағандар сияқты» қарағанын айтты.

Мустафаның пікірінше, ер ұстаздарды алып тастау елдегі әйелдер құқығындағы алаңдатарлық үрдістің бір бөлігі, «әйелдердің киімі мен пәктігі туралы көбейіп келе жатқан пікірталас абай киген қыз студенттерді мадақтаудан көрінеді».

Ирактық заңгер және құқық қорғаушы Исраа Салман әйелдерге қойылған шектеулерді «қоғамдық апат» деп атады.

«Әйелдердің талантын басуға және Ирак қоғамын — көптеген салада әйелдер жетекші рөл атқарған, көрнекті ой мен біліктілік тудырған қоғамды — талибан билігіндегі Кабулға ұқсас нәрсеге айналдыруға әрекет жасалып жатыр. Бұл Ирак конституциясына және ел қол қойып, ратификациялаған халықаралық шарттар мен конвенцияларға қайшы келеді», — деді Салман.

Материал тәуелсіз ирактық Jummar медиа платформасымен бірлесіп дайындалды.