Иран Иорданиядағы Әл-Азрак әуе базасына шабуыл жасады. Салдарынан екі американдық әскери қызметкер қаза тапты, тағы бірнешеуі жараланды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлады.
АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, шабуыл 17 шілдеде баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалды. Екі қаза тапқаннан бөлек, бір әскери хабар-ошарсыз кетті. Төрт жарақаттанған Иордания ауруханаларына жеткізілсе, жеңіл жараланған бірнеше әскери қызметкер қайтадан қызметке оралды.
Осы оқиғадан кейін АҚШ әскерінің Иранмен қақтығыстағы расталған шығыны 16 адамға жетті.
Шабуылдың нысаны Әл-Азрак әуе базасы болды. The Wall Street Journal газетінің хабарлауынша, американдық күштер бұл базаны аймақтағы операциялар үшін пайдаланған. Бұған дейін Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы базадағы бірнеше американдық ұшақты жойғанын мәлімдеген еді.
АҚШ президенті Дональд Трамп қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, олардың қазасын ел үшін ауыр жоғалту деп атады. Пентагон басшысы Пит Хегсет болған оқиға АҚШ-тың әскери әрекеттерді жалғастыруға деген белсенділігін күшейте түсетінін айтты.
Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленіс соғыс қимылдарын тоқтату туралы келісімдердің бұзылуынан кейін туындады. Бұрын қол жеткізілген келісімдерге қарамастан, Ормуз бұғазы маңындағы кейінгі шабуылдар жаңа соққыларға және қарама-қайшылықтың күшеюіне әкелді.
Трамп бұған дейін Иранмен келісімнің енді күшінде жоқ екенін, ал елге қарсы әскери операциялар белгіленген мақсаттарға жеткенше жалғасатынын атап өтті.


