Тегеран делдалдар арқылы Вашингтонға жеті қатаң талаптың тізімін жолдады. Олар орындалған жағдайда ғана Ормуз бұғазында кеме қатынасы қайта жанданады. Бұл туралы Tasnim агенттігі хабарлады, деп жазады infohub.kz.
Басылым дерегінше, АҚШ бұғазды ашуды талап етіп отырса да, оңтүстік бағыт әлі күнге дейін жабық тұр. Сонымен қатар Иран мен Оман бұғаздағы жаңа бағыттардың егжей-тегжейін келісіп алғаны белгілі болды.
Қойылған талаптардың негізі бұрын Иран Қауіпсіздік кеңесі тұжырымдаған қағидаттар болды. Тегеранның негізгі шарттары мынадай:
АҚШ пен оның одақтастары тарапынан әскери қауіп-қатердің тоқтатылуы.
Аймақтағы соғыс пен кез келген агрессия әрекеттерінің тоқтатылуы.
Иран порттарына салынған теңіз блокадасының толық алынуы.
Иранға қарсы енгізілген санкциялардың толық жойылуы.
Шетелде бұғатталған Иран активтерінің барлығының қайтарылуы.
Ел экономикасы мен инфрақұрылымына келтірілген зиянның өтелуі.
АҚШ шабуылдарының тоқтатылуы және Тегеран мүддесі ескерілген кеме қатынасы қауіпсіздігінің кепілдігі.
Иран өкілдері Оманмен бірлескен бағыт пен уақытша дәліз құру туралы келісімнің тек ішінара шешім екенін, ол бұғаздың автоматты түрде ашылатынын білдірмейтінін айрықша атап өтті. Енді кеме қатынасының толық қалпына келуі Вашингтонның жеңілдікке баруға және Иран талаптарын орындауға дайындығына тікелей байланысты.
Айта кетейік, 6 қыркүйекте Ислам Республикасы Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи Ормуз бұғазы кеме қатынасы үшін толық жабылғанын мәлімдеген еді.
Бұған дейін «Курсив» АҚШ Президенті Дональд Трамптың Иранмен соғыс қашан аяқталатынын айтқанын жазған болатын.


