Тегеран Вашингтон Ислам Республикасына қарсы әскери әрекеттерді қайта бастауды шешті деген ақпаратқа қол жеткізгенін мәлімдеп, кез келген жаңа шабуылға қатаң жауап беруге уәде етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігінің «Анадолу» агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, «Хатем әл-Әнбия» орталық штабының қолбасшылығы АҚШ Иранға қайта шабуыл жасауды шешіп, аймақтағы бірқатар елдің қолдауына ие болғаны туралы мәліметтер алғанын жариялады.

«Ескертеміз: егер АҚШ Иранға қатысты тағы да қателік жіберсе, оның аймақтағы барлық ресурстары мен американдық күштер орналасқан жерлер ешқандай шектеусіз әрі айырмашылықсыз ауыр соққылардың нысанасына айналады. Егер қателік жіберсеңіз, сіздер ауыр соққылардың нысанасы боласыздар», — делінген осы ақпарат алынғаннан кейін таратылған ирандық әскерилердің мәлімдемесінде.

Иранда сондай-ақ аймақ елдері АҚШ-пен бірге Ислам Республикасына қарсы агрессиялық әрекеттерге қатысса, олар сыбайлас ретінде саналатыны ескертілді.

Иранның Құрлық әскерлерінің қолбасшысы бригадалық генерал Әли Жаһаншаһи елдің шекаралық бөлімшелері ықтимал қауіп-қатерлерге дайын екенін мәлімдеді.