Тегеран БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің соғыстардың алдын алу туралы мәлімдемесін сынға алып, оны ірі державалардың қиянаттарын ақтау деп атады, деп хабарлайды infohub.kz.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи Гутерриштің Financial Times газетіне берген сұхбатына қатысты пікір білдірді. Онда Гутерриш БҰҰ-ның сексен жылдық тарихындағы ең үлкен жетістігі «ірі державалар арасындағы соғыстың алдын алу» екенін айтқан еді.
Багаи мұндай мәлімдеме БҰҰ Жарғысының 2(4)-бабын доктринаға айналдырып, «БҰҰ мүшелерінің басым көпшілігін елеусіз етіп, кез келген соғысты ақтайды, Жарғының негізгі қағидаттары мен мақсаттарына нұқсан келтіреді және одан да сорақысы, өздерін «ірі державалар» деп атайтындардың басқаларға жасаған қиянаттарын ақтайды» деп атап өтті.
Оның айтуынша, мұндай көзқарас Кореядағы, Вьетнамдағы, Конгодағы, Ирактағы, Ауғанстандағы, Йемендегі, Судандағы және Газадағы соғыстар мен қиянаттарды табыс деп санайды. Иран СІМ өкілі сондай-ақ Бас хатшының өкілеттігі аяқталуына бірнеше ай қалғанда мұндай хабарламаның орындылығына күмән келтірді.


