Иран хакерлері Ұлыбританиядағы шағын электр станциясын төрт күнге істен шығарды. Елдің энергиямен жабдықтауында үзіліс болған жоқ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

The Telegraph деректеріне сәйкес, бұл Ислам революциясы сақшылары корпусына қатысы бар хакерлердің Британиядағы электр станциясының жұмысын тоқтата алған алғашқы жағдай болуы мүмкін. Нысанның атауын билік қауіпсіздік мақсатында жарияламайды. Ол қызметкерлер жұмысын қалпына келтіргенше төрт күн бойы өшірілгені белгілі.

Ұлыбритания үкіметі бұл оқиға елдің энергия жүйесіне әсер етпегенін атап өтті. «Бұл оқиға шағын энергия өндіру нысанына әсер етті және ешқашан бүкіл энергия жүйесіне қауіп төнген жоқ», – деді үкімет өкілі.

Шабуылдан кейін билік энергетикалық компаниялардың басшыларын хабардар етіп, бизнеске қорғанысты күшейту бойынша ұсыныстар жіберді. Ұлыбританияның Ұлттық киберқауіпсіздік орталығы (NCSC) нақты оқиғаға түсініктеме беруден бас тартты. Шабуылдың ықтимал мақсаты азаматтық тұрғындарға нақты зиян келтіру емес, иран хакерлерінің мұндай операцияларды жүргізуге қабілетті екенін көрсету болды.