Иран билігі қаңтар айындағы наразылықтар кезінде төрт полиция қызметкерін өлтірген екі адамды дарға асты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекеттік БАҚ-тың хабарлауынша, екі адам Исфахан қаласында полиция бекетін өртеп, мемлекеттік мүлікке зақым келтіргені үшін де сотталған. Олардың есімі – Аболфазл Сепахи Баджани және Әмір Хоссейн Сафари Хоссейнабади.

Бұл екеуі – қаңтар айындағы бүкіл елді жайлаған наразылықтарды басу кезінде тұтқындалған ондаған мың адамның ішінен ең соңғы дарға асылғандар. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, тағы біраз адам өлім жазасына кесілуі мүмкін. Наразылықтар желтоқсан айының соңынан қаңтарға дейін созылып, қауіпсіздік күштері тарапынан қатаң басылды.

Шілде айында Иран осы іс бойынша тағы екі адамды дарға асқан еді.

Иран билігі наразылықтар кезінде қаза тапқандар санын 3 мыңнан астам деп көрсеткен. Ал құқық қорғаушылар бұл көрсеткішті 7 мыңнан астам деп бағалайды.