Оманмен келісім дайындау аясында Иран АҚШ әскери кемелерінің Ормуз бұғазынан өтуіне тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
РБК Fars агенттігіне сілтеме жасап хабарлағандай, Иран парламенті АҚШ кемелерінің Ормуз бұғазынан өтуіне, сондай-ақ Израильге қатысты жүктерді тасымалдауға тыйым салу және бұғаздан өткені үшін алым енгізу мүмкіндігін қарастыруда.
Құжатқа сәйкес, Иран кемелердің Ормуз бұғазына кіруін бақылауда ұстайды, ал шығу Оманмен бірлесіп жүзеге асырылады. Сонымен қатар, АҚШ рұқсатсыз және алымсыз еркін жүзуді талап етіп отыр, ал Тегеран бұғаздың толық ашылуын американдық теңіз блокадасының алынуымен байланыстырады.
Бұған дейін Иран Оманмен Ормуз бұғазы арқылы уақытша қауіпсіз маршрут орнату үшін келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Кейінірек Иран мен Оман екі бөлек маршрут бойынша кеме қатынасын ашуды көздейтін жоспарды келіскені туралы ақпарат пайда болды.
Сонымен қатар, бірнеше күн бұрын Дональд Трамп АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер «өте жақсы өтіп жатқанын» айтып, 48 сағат ішінде серпіліс болуы мүмкін екенін жеткізді. Американдық көшбасшы келіссөздерді Ормуз бұғазы жұмысының қайта жандануымен тікелей байланыстырды.


