АҚШ-тың бұрынғы әскери лауазымды тұлғалары Иранның соққыларына байланысты Штаттар жақын арада Таяу Шығыстағы әскери қатысуын қайта қарауы мүмкін деген пікір білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Financial Times газетінің жазуынша, американдықтардың аймақтағы қатысуы төрт онжылдыққа жуық уақыт бойы Парсы шығанағындағы тарамдалған әскери базалар тізбегіне негізделген еді. Алайда алты айға созылған соғыс барысында Иран олардың болашағын күмәнға айналдырды. Тегеран американдық нысандарға қысқа қашықтықтағы зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтармен соққы жасап, Иран жағалауына жақын орналасқан нысандардың қаншалықты осал екенін тез көрсетті.

Қазір әскери сарапшылардың пікірінше, Дональд Трамп әкімшілігі бұл нысандарды қалпына келтіруге миллиардтаған доллар жұмсау керек пе, әлде жаңа дәуір талабына сай Таяу Шығыстағы әскери қатысуын қайта қарау керек пе деген мәселені шешуі тиіс. Джонс Хопкинс университетінің ғылыми қызметкері Хэл Брэндс АҚШ-қа аймақтағы әскери күштерін қайта бөлу қажет, өйткені әскери нысандар, әсіресе ірілері, өте осал деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жақын арада АҚШ-тың әскери күштерінің Парсы шығанағынан қайта орналасуын байқауға болады.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің Таяу Шығыс жөніндегі бұрынғы орынбасары Дана Строул Парсы шығанағындағы базалардың ашық құрылымы — бұл өткеннің қалдығы, қазіргі қақтығыстарға онша сай келмейді деп атап өтті. АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі Иран бойынша бұрынғы директор Нейт Суонсон Штаттар қираған базаларды қалпына келтіргенше, батысқа қарай жылжуы мүмкін деп санайды.