Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибаф АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігін «клоундар» деп атап, сынға алды, деп хабарлайды infohub.kz.
Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибаф Дональд Трамптың командасы туралы пікірін Х әлеуметтік желісінде білдірді. Ол жазбасында Тегеранға қатты қысым көрсету арқылы Вашингтон ешқандай жеңілдікке қол жеткізе алмайтынын айтты.
«Бессент (АҚШ қаржы министрі — ред.) мен Хегсет (АҚШ қорғаныс министрі — ред.) мүлдем құзыретсіз. Клоундар тобының қалпақтан қоян шығарып, өздеріңіз жасаған былықты тазалайтынын күтуді қойыңыз», — деп жазды Галибаф.
Еске салайық, бұған дейін Ақ үйдің басшысы Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде «АҚШ-тың жаңа аумағы» деген жазуы бар Ормуз бұғазының картасын жариялаған еді.
Бұған жауап ретінде Иран СІМ басшысының орынбасары Казем Гарибабади Иран АҚШ президентінің «қате түсініктерін түзететінін» мәлімдеді. Сонымен қатар, американдық президент АҚШ пен Иран арасында қазір ешқандай келіссөз жүргізілмейтінін және жоспарланбайтынын айтты.


