Тегеран Парсы шығанағы елдерінен АҚШ президенті Дональд Трампты Ислам Республикасына жаңа соққылар жасаудан бас тартуға көндіруді талап етті. Әйтпесе, Иран Вашингтонның аймақтағы жақын одақтастарының мұнай, энергетика және көлік инфрақұрылымына шабуыл жасаймыз деп қорқытты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Reuters агенттігінің дерегінше, бұл ескерту Трамп 28 шілдеде Иранның энергетикалық нысандары мен басқа да инфрақұрылымына соққы беру қаупін айтқаннан кейін бірқатар дипломатиялық байланыстар барысында жеткізілген.
Reuters дереккөздерінің хабарлауынша, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Сауд Арабиясы, Катар және Түркия әріптестерімен, сондай-ақ Пәкістан армиясының бас қолбасшысымен келіссөздер жүргізген. Барлық әңгімедегі басты месседж бір болды: АҚШ одақтастары Вашингтонға ықпалын пайдаланып, Трампты жаңа әскери операциядан бас тартуға көндіруі керек.
«Біз жауап беруге дайынбыз, бірақ дипломатиялық шешім — аймақта одан әрі эскалация мен қирауды болдырмаудың ең жақсы жолы», — деп аймақтағы жоғары лауазымды дипломаттардың бірі Тегеран позициясының мазмұнын жеткізді.
Агенттік дереккөздерінің айтуынша, егер АҚШ Иранға қайта шабуыл жасаса, жауап Парсы шығанағы елдерінің мұнай кен орындарына, мұнай өңдеу зауыттарына, электр желілеріне, сумен жабдықтау нысандарына, көлік инфрақұрылымына және басқа да стратегиялық нысандарына бағытталуы мүмкін.
Осы ескертулерден кейін Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман, Reuters деректері бойынша, Дональд Трампқа хабарласып, оны жаңа әскери операциядан бас тартып, келіссөздер мен атысты тоқтатуға шақырған.
Катар, Оман және Сауд Арабиясы да Вашингтон мен Тегеран арасындағы диалогты қайта жандандыруды қолдады.
Ал 2 тамызда Трамп, егер тез арада келісімге қол жеткізілсе, Иранға жоспарланған соққыны болдырмауға дайын екенін мәлімдеді. Ал кеше АҚШ президенті Ормуз бұғазын сейсенбіге дейін толық ашуға уәде берді.


