Әскери полиция Өскемендегі әскери бөлімшеден 23 шілде күні таңертең рұқсатсыз кеткен мерзімді әскери қызметшіні іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Orda.kz сайты.

«2026 жылғы 23 шілдеде сағат 06:30 шамасында қатардағы жауынгер Мархан А.Е., 31.03.2004 жылы туған, тәуліктік кезекшілік құрамында кезекші болып жүріп, қызмет орнын рұқсатсыз тастап кетті», – делінген Өскемен гарнизоны әскери полиция бөлімінің хабарламасында.

Әскери қызметшінің өзімен бірге қаруы болмаған. Ол әскери киіммен кеткен, бірақ кейін азаматтық киімге ауысуы мүмкін деген болжам бар.

Белгілері: бойы шамамен 177 см, орташа дене бітімі, қысқа қара шаш, қара көз, бетінде меңдер бар.

Сарбазды іздеуге әскери полиция мен ішкі істер органдарының қызметкерлері жұмылдырылған. Оның ықтимал орналасқан жері туралы ақпаратты сенім телефондарына хабарлауды сұрайды.

Бұл әскери бөлімшеден қашудың алғашқы жағдайы емес. Бұған дейін Атырауда әскери бөлімшеден қарулы сарбаз қашып кеткен еді.