Қазақстанның сақтандыру компаниялары шариат нормаларына сай өнімдерді бөлек заңды тұлға ашпай-ақ ұсына алатын болады. «Ислам терезелері» деп аталған бұл тетік Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасында қарастырылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жоспар туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мәлімдеді. Сөз исламдық сақтандыру – такафулды дамыту туралы болып отыр. Бұл термин аудармада «өзара кепілдік беру» дегенді білдіреді.
Такафул – пайда мен шығынды бөлісу тетігіне құрылған сақтандыру жүйесі. Ол өзара көмек, ынтымақтастық және шариат нормаларына толық сәйкестік қағидаттарында жұмыс істейді. Қатысушылар ортақ өзара көмек қорына ақша салады, сол қордан зардап шеккендерге өтемақы төленеді. Оператор-компания қорды келісілген комиссия үшін басқарады, бірақ оған иелік етпейді. Жұмсалмаған қаражат (артық сома) кейін қатысушыларға қайта бөлінеді.
«Қазақстанда исламдық сақтандыруды (такафул) дамытуға және шариат қағидаттарына сай сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейтуге қосымша жағдай жасау жоспарланып отыр. Тиісті бастама Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасында қарастырылған. Негізгі бағыттардың бірі – қолданыстағы сақтандыру ұйымдарына бөлек сақтандыру ұйымын құрмай-ақ исламдық сақтандыру өнімдерін ұсынуға мүмкіндік беретін «ислам терезелері» тетігін пысықтау», – делінген жарияланған хабарламада.
Агенттікте исламдық сақтандыруды дамытудың заңнамалық негізі Қазақстанда 2015 жылдан бері бар екенін еске салды. Соған қарамастан елде мамандандырылған исламдық сақтандыру ұйымдары әлі құрылмаған, ал такафул өнімдері кең таралмаған.
Мұндай жағдайдың ықтимал себебі – исламдық сақтандыруды жүзеге асыру үшін бөлек заңды тұлға құру және бөлек лицензия алу қажеттігі. Осыған байланысты қолданыстағы сақтандырушылар такафул бағытын қазіргі ұйым аясында дамыта алатын «ислам терезелері» тетігін пайдалану мүмкіндігін қарастыру ұсынылып отыр, деп атап өтті ҚНРДА-да.
Бұл ретте исламдық сақтандыру қызметі дәстүрлі сақтандырудан оқшауланады. Қатысушылардың қаражаты, активтері, міндеттемелері, кірістері мен шығыстары бөлек есепке алынып, такафул қорының қаражаты шариат қағидаттарына сай активтерге салынады деп көзделіп отыр. Ислам терезесінің қызметі шариаттық басқару талаптары мен тиісті реттеушілік бақылауды сақтай отырып жүзеге асырылады.
Өнім желісін нарықтың нақты сұранысы мен дайындығын ескере отырып, кезең-кезеңімен дамыту жоспарлануда. Бастапқы кезеңде отбасылық және жалпы такафулдың базалық өнімдері, оның ішінде өмірді сақтандыру, жазатайым оқиғалардан сақтандыру, автокөлікті сақтандыру, шетелге шығушыларды сақтандыру және медициналық сақтандыру ұсынылуы мүмкін.
Кейіннен желі жинақтаушы өмірді сақтандыру, ауыр аурулардан сақтандыру, жеке тұлғалар мен бизнестің мүлкін сақтандыру, жауапкершілікті сақтандыру, сондай-ақ неғұрлым күрделі инвестициялық, зейнетақы және корпоративтік өнімдер есебінен кеңейтілуі мүмкін.
Ұсынылып отырған шаралар исламдық сақтандыруды дамыту жолындағы кедергілерді азайтып, халық пен бизнеске шариат қағидаттарына сай өнімдердің қолжетімділігін кеңейтіп, сақтандыру нарығындағы ұсыныстардың алуан түрлілігін арттырып, сақтандыру қамтуын біртіндеп ұлғайтуға жағдай жасайды деп санайды ҚНРДА-да.


