Мароккодан Испанияның Сеута анклавына өтуге тырысқан мигранттар саны 140-тан асты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

РИА Новости Испанияның Cadena SER радиостанциясына сілтеме жасап, шекарадан өтуге тырысқан кезде испан жағынан 78, марокко жағынан 63 адамның денесі табылғанын хабарлады. «Өткен аптада Сеутадағы Тарахалда болған қайғылы оқиға салдарынан кемінде 141 адам қаза тапты. Бұл Мароккодан шекараны кесіп өткен мигранттардың жаппай ағынынан кейін болды», — деді радиостанция.

Қайтыс болғандардың көпшілігі 20-30 жас аралығындағы жас жігіттер, негізінен Марокко азаматтары. Сондай-ақ Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінен келгендер де бар, әйелдер аз, ал кәмелетке толмағандар өте аз.

Бұған дейін 30-31 шілде аралығындағы түні мыңдаған марокколық мигрант Африканың солтүстігіндегі испандық Сеута анклавындағы шекараны бұзып өткені, Испания билігі армияны жұмылдырғаны хабарланған болатын.

Осыдан кейін Италия премьер-министрі Джорджа Мелони елдің шекаралар мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау үшін төтенше шаралар қабылдауға дайын екенін, оның ішінде Испаниямен шекарада бақылауды уақытша қалпына келтіруге дайын екенін мәлімдеді.

Испан билігі жұма күні кешке қарай мигранттардың көпшілігі Сеутадан кетіп, Мароккога қайтып оралғанын атап өтті. Бастапқыда шекара қоршауы бекітілген қабырға арқылы құрлыққа шығуға тырысқан кезде болған аласапыранда кемінде 57 мигрант қаза тауып, олардың денелері судан алынғаны хабарланған.

Сонымен қатар, Марокко ІІМ мигранттардың Испанияға басып кіруіне не себеп болғанын түсіндірді. Бұл оқиға жалған ақпаратпен байланыстырылды.