Испания Мадрид аймағы мен көршілес Авила провинциясындағы ауқымды орман өртіне байланысты ұлттық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Шешім өртпен күресуге қосымша күш пен ресурстарды жұмылдыруға мүмкіндік береді, ал операция басшылығы әскерилерге берілді, деп хабарлады infohub.kz сайты.

Ең күрделі жағдай Мадридтің батысында байқалады, онда 10 мыңға жуық адам үйлерін тастап кетті. Билік мәліметінше, өрт 125 мың гектарға жуық өсімдікті жойды.

Сарапшылардың айтуынша, өрттің тез таралуына қыста және көктемде жауған мол жауын-шашын себеп болған. Ол шөп, бұталар мен ағаш асты өсімдіктерінің қарқынды өсуіне әсер еткен. Жазғы ыстықта бұл өсімдіктер кеуіп, тез тұтанатын отынға айналған.

Францияда да жағдай күрделі болып тұр. Вар департаментінде үш күн ішінде өрт 2,3 мың гектардан астам орманды жойды. Прованс аймағындағы Котиньяк ауылының тұрғындары шұғыл түрде эвакуацияланды: полиция адамдарды кідірмей, артық зат алмай үйлерін тастап кетуге шақырды, ал жеке көлігі жоқ тұрғындар үшін автобустар ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта Котиньяк маңындағы өртті оқшаулауға қол жеткізілді.

Жыл басынан бері Францияда 45 мың гектардан астам орман өртеніп кетті — бұл 2025 жылдың толық көрсеткішінен асып түсті, сол жылы өрт 36 951 гектарды жойған болатын. Ел билігі табиғи өрттермен күресу үшін Еуропалық Одақ серіктестеріне көмек сұрап жүгінді.