Италияның оңтүстігінде археологтар ежелгі қабірді тапты. Ол, болжам бойынша, грек құнарлылық құдайы Деметраның абыз әйеліне тиесілі болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Табылым ежелгі Мандурия қаласының қирандыларынан шықты. Бұл жерде біздің дәуірімізге дейінгі IV–III ғасырларда мессап тайпалары өмір сүрген. 17-нөмір берілген қабір сол кезеңдегі тағы 23 жерлеу орнының қасынан табылды. Қабір жергілікті мессап тілінде жазуы бар үш үлкен тас плитамен жабылған.

Ішінен археологтар классикалық грек стиліндегі фрескаларды, қасиетті орынның кілтін бейнелейтін суретті және хош иісті зат түтетуге арналған ыдыстың қолданылғанын көрсететін іздерді тапты. Мамандардың пікірінше, бұл деректер мұнда Деметра культінде жоғары абыздық қызмет атқарған әйел жерленгенін көрсетеді.

Бұл жаңалық тарихшылардың жергілікті тайпалар мен грек отаршылары арасындағы қарым-қатынас туралы түсінігін өзгертеді. Бұған дейін мессаптар мен гректер негізінен жауласып келді деп есептелген, тіпті біздің дәуірімізге дейінгі 338 жылы жергілікті тұрғындар спарталық патша Архидам III-ні өлтірген. Жаңа табылым Мандурия тұрғындары грек діни рәсімдерін қабылдағанын дәлелдейді.

Реставрациядан кейін артефактілерді Мандурия археологиялық мұражайында көрмеге қою жоспарлануда.