Италияда алапат оқиға болды: адамдары бар гирокоптер канат жолына ілініп, жерге құлады. Салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Апат елдің солтүстігіндегі Антрона аңғарында болды. Жергілікті БАҚ мәліметінше, құрбан болғандар — 62 жастағы ұшқыш пен 63 жастағы әйел жолаушы. Қазіргі уақытта әуе кемесінің құлау мән-жайын тергеу басталды.

Алдын ала деректер бойынша, гирокоптер жабық канат жолының арқандарына ілініп, кейін өртеніп, бөгет маңындағы тік беткейге құлаған. Оқиғаның куәгері қала әкімі Франко Борсотти болды. Саясаткер аспанда отты шарды көргенін айтты. Ол сондай-ақ канат жолы бірнеше онжылдықтан бері жұмыс істеп тұрғанын, алайда оның ұшқыштың картасында болмауы мүмкін екенін атап өтті.

Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, бұл табиғи парк аймағында ұшуға тыйым салынған және ешқандай рұқсат берілмеген. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.