Италияның Битонто қаласының тұрғыны миллион еуро ұтқан лотерея билетін тастап, байлығынан айырыла жаздады. Бақытына орай, жергілікті қоқыс шығару қызметінің қызметкерлері тоннаға жуық қоқысты сұрыптап, билетті тауып берді, деп хабарлайды infohub.kz.

Ер адам лотерея билетін сатып алып, дүкенде тексерген кезде «төленбейді» деген жазу көрген. Ол комбинация ұтпады деп ойлап, билетті тастаған. Алайда кейін туыстары түскен 2, 4, 8, 19 және 51 сандары оның билетіндегі сандармен сәйкес келетінін байқаған. Ал жазу дүкеннің кассасы мұндай үлкен ұтысты төлей алмайтынын ғана білдірген.

Ол кезде үйдегі қоқыс әлдеқашан шығарылып кеткен еді. Ер адам жергілікті SANB қоқыс компаниясына жүгінген. Кәсіпорын директоры қоқыс тиелген көлікті тоқтатып, арнайы базаға жіберуді бұйырған. Бұл оқиға жексенбі күні болғаны сәттілік, әйтпесе қоқыс полигонға бірден жеткізілер еді.

Компания қызметкерлері екі күн бойы қоқысты сұрыптап, көптеген зақымдалған чектердің арасынан қажетті билетті тапқан. Миллион иесі іздеуге кеткен барлық шығынды өтейтінін айтқан. Ал сәттілікке шабыттанған қоқыс жинаушылар билетті тапсырғаннан кейін скретч-карта сатып алып, 50 еуро ұтып алған.