Италияның Споторно қаласындағы луна-паркта 15 жасар жасөспірім аттракционда ток соғып қайтыс болды. Қасірет 16 шілде кешінде қатты нөсерден кейін болды. Оқиға болған жер тексеру аяқталғанша жабық тұр, деп хабарлайды infohub.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім жерге бекітілген допты ұру керек болатын «күш өлшегіш» аттракционының қасында болған. Ол аяқ киімін шешіп, жалаң аяқ тұрғаны айтылады. Құрылыстың металл бөлігіне тиіскенде оны электр тогы соққан.
Зардап шеккен жігітті шұғыл түрде ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оны екі сағаттан астам уақыт реанимациялауға тырысқан, алайда құтқара алмаған. Тергеушілер аттракционның электр қалқанына жаңбыр суы түсуі салдарынан қысқа тұйықталу болған деген нұсқаны қарастырып жатыр.
Полиция аумақты қоршауға алды, ал қалалық әкімшілік бүкіл луна-паркті жапты. Билік электр жүйесін тексеріп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Споторно мэрі қаза тапқанның отбасына көңіл айтты.


