Италияда белгілі шарап өндірушісінің қоймасынан жалпы құны шамамен 5 миллион еуроны құрайтын 30 мың шөлмек шарап ұрланды. Бұл туралы жергілікті басылымдар жазды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Италияның ең ірі отбасылық шарап зауыттарының бірі Marchesi Antinori компаниясы Тосканадағы қоймасында сенбі күні ұрлық болғанын мәлімдеді. Сол кезде кәсіпорын шетелдегі тұтынушыларға тауар жөнелтуге дайындалып жатқан.
Кемінде жеті бетперде киген ер адам дабыл жүйесін істен шығарып, бейнекамераларды өшіріп, компанияның тиегіштерімен атақты Tignanello, Solaia және Guado al Tasso тоскан қызыл шараптарын екі үлкен жүк көлігіне тиеп әкеткен.
Компанияның бас директоры Ренцо Котарелла Corriere della Sera газетіне бұл Италиядағы осы тектес ең ірі ұрлық екенін айтты.
«Мұндай ауқымдағы және құны осыншама жоғары ұрлық Италияда бұрын-соңды болмаған», — деді ол.
Ол билік ұрланған шарапты таба алады деп үміттенетінін қосты.
«Тауар толы екі жүк көлігі жай ғана жоқ болып кете алмайды. Тоскана жолдары камераларға толы; сәті түссе, бізден ұрланған шөлмектердің кемінде бір бөлігін қайтарып аламыз», — деді ол.
Ол Financial Times басылымына: «Бұл шараптардың құны өте жоғары, сондықтан осыншама шарапты әлемге көрінбей сату қалай мүмкін екенін түсінбеймін», — деп мәлімдеді.
Компания әдетте 150-ден 500 еуроға дейін сатылатын шөлмектердің іріктелуі ұрлықты ұйымдастырушылардың шарапты жақсы білетінін және ішкі ақпаратқа қанық екенін көрсетеді деп есептейді.
Ұрлық дүйсенбі күні таңертең қызметкерлер жұмыс орнына келгенде ғана анықталды. Ешкім ұсталған жоқ.
Marchesi Antinori компаниясы 1385 жылы құрылған және 170 елге өнім шығарады. Өткен жылы оның кірісі 263 миллион еуроны құрады.
Биыл Италияда шарап ұрлығы жиілеп кетті. Оның ішінде солтүстіктегі Пьемонт аймағында екі оқиға тіркеліп, жүздеген мың еуро тұратын шөлмектер ұрланғаны хабарланды.


