Израилде сот Негев шөліндегі «Кциот» түрмесін күзету үшін қолтырауындарды пайдалану жобасын уақытша тоқтатты. Бұл түрмеде терроризмге қатысты істер бойынша айыпталған немесе сотталған палестиналықтар ұсталады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл бастаманы ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир ұсынған. Оның жоспары бойынша түрменің бір бөлігінің айналасына терең орлар қазылып, оларға қолтырауындар орналастырылуы тиіс болған. Жыртқыштар қосымша қауіпсіздік шарасы ретінде тұтқындардың қашуына жол бермеуі күтілген.
Жобаға Let The Animals Live жануарларды қорғау ұйымы қарсы шықты. Оның өкілдері қолтырауындарды мұндай мақсатта пайдалану заңсыз және жануарларға да, қоршаған ортаға да зиян тигізуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Иерусалим округтік соты жануарларды қорғаушылардың талабын қолдап, жобаны уақытша тоқтатты. Сот сондай-ақ үкімет өз ұстанымын білдірмейінше, билікке ешқандай әрекет жасауға тыйым салды. Бұл тамыз айының ортасына қарай болады деп күтілуде.
Израиль БАҚ-тың мәліметінше, жобаны іске қосуға дайындық қазірдің өзінде басталған. Түрме айналасында траншеялар қазыла бастаған, ал пилоттық жобаға шамамен 21 миллион шекель (шамамен 3,25 миллиард теңге) бөлінген.
Бен-Гвирдің өзі сот шешімін қатты сынға алды. Оның айтуынша, сот жүйесі «террористер жағында» және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдауға кедергі келтіруде.
Бұған дейін «Курсив» Ақтөбе тұрғыны Қазақстан СІМ-не 24 жастағы ұлына көмек сұрап жүгінгенін жазған. Ол екі жылға жуық уақыттан бері Грекия түрмесінде отыр. Әйелдің айтуынша, Рашид Кадиров мигранттарды заңсыз тасымалдағаны үшін 125 жылға бас бостандығынан айырылған.


