Израильдің қоғамдық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир түрме периметрін күзету үшін Ніл қолтырауындарын пайдалануға рұқсат алды, деп хабарлайды infohub.kz Jerusalem Post газетіне сілтеме жасап.
2025 жылы-ақ радикалды және антипалестиналық көзқарастарымен танылған оңшыл министр Негев шөліндегі Кетциот қатаң режимді түрмесін Ніл қолтырауындарымен қоршауды ниет еткенін мәлімдеген болатын. Бұл мекемеде негізінен палестиналық тұтқындар мен Ғазадағы соғыс кезінде тұтқындалған бейбіт тұрғындар ұсталады.
Бастаманың алдындағы басты кедергі Ніл қолтырауынының қорғау мәртебесі болды. Алайда осы аптада Израильдің қоршаған ортаны қорғау министрі өзгерістер енгізіп, бауырымен жорғалаушыны «фермада өсірілген жабайы жануар» санатына ауыстырды. Бұл қауіпсіздік органдарына түрменің сыртқы периметрін күзету үшін қолтырауындарды пайдалануға рұқсат алуға мүмкіндік берді.
Жобаның нақты мерзімдері әзірге жарияланбады.
Сонымен қатар Израильдің табиғат және саябақтарды қорғау басқармасы бұл бастамаға қарсы шықты. Ведомство қауіпті жыртқыштар тек білім беру және ғылыми мақсаттарда ғана ұсталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Шенеуніктер түрме маңында қолтырауындарды өсіруге байланысты тәуекелдер туралы да ескертті: олардың айтуынша, бұрын қолға үйретілген бауырымен жорғалаушылар қашып кетіп, бірнеше рет қауіпті жағдайлар туғызған, оның ішінде өліммен аяқталған оқиғалар да болған.


