Әлеуметтік желілерде «Иле-Балхаш» резерватында жақында табиғатқа жіберілген жолбарыстың фотосы тарап жатыр. Бұл сурет қазақстандықтардың алаңдаушылығын тудырды, алайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz.
Ведомствоның айтуынша, жарияланған суретте жасанды интеллект технологиясын қолдану арқылы жасалуы мүмкін белгілер бар. «Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», — деп атап өтті министрлікте.
Алаңдаушылықты сейілту үшін министрлік жіберілген жолбарыстың спутниктік GPS-жағасымен жабдықталғанын еске салды. «Иле-Балхаш» резерватының мамандары оның орналасқан жері мен жағдайын тәулік бойы бақылап отыр.
«Азаматтарды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін ақпаратты тарату алдында оның дұрыстығын тексеруге және тек ресми көздерді пайдалануға шақырамыз», — деп қосты министрлік. Сондай-ақ, әдейі жалған ақпарат пен дәйексіз фото- және бейнематериалдарды тарату заңға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
Еске салайық, жақында «Иле-Балхаш» мемлекеттік табиғи резерватында Үміт есімді амур жолбарысы жабайы табиғатқа жіберілді. Бұл — 70 жылдан астам уақыт бұрын жыртқыштар жойылғаннан кейін елдің табиғи мекеніне қайта оралған алғашқы жолбарыс. Оған дейін ол бірнеше ай арнайы қоршауда өмір сүріп, бейімделуден өткен болатын. Ветеринарлар оның денсаулығын тексерді, мамандар аңшылық дағдыларын бағалап, оның дербес өмірге дайын екеніне көз жеткізді.


