Жапондық 5S жүйесі
Заманауи тайм-менеджент түсінігі туралы айтқанда, адамдар көбіне бізге Батыстан келген тұлғалық-іс-әрекеттік ұйымдастыру жүйесі мен әдістемелеріне сілтеме жасайды. Бұны да түсінуге болады, себебі жеке уақытты тиімді басқаруға мүмкіндік беретін барлық теориялық және тәжірибелік білім базасы сол жақта пайда болған.
Мамандардың аз бөлігі ғана Шығыстың да өзіндік, олардан кем түспейтін (тіпті, кейбір жағынан алып қарағанда батыстыкінен де асып түсетін) уақытты басқару техникалары бар екенін біледі. Шығыс дегенде, әрине, өзінің бизнес-технологияларының бірегейлігімен танымал Жапония айтылып тұр. Дәл сол жапондардың арқасында біз 5S жүйесінен хабардармыз.
5S жүйесі деген не?
Жапондық 5S жүйесі — өндірісте немесе кеңседе тиімді жұмыс жағдайларын жасауға мүмкіндік беретін нақты құрылымдалған жүйе.
Мінсіз немесе мінсізге жақын шарттарды қалыптастыру жұмыс орнындағы тәртіпті орнату, тазалық пен ұқыптылықты сақтау, уақыт пен қуатты үнемдеуге көмектесетін шараларды әзірлеу арқылы қол жеткізіледі.
Басқаша айтқанда, 5S жүйесі — өндірісте, фирмада немесе кез-келген ұжымда (көп адамнан құралған кез келген басқа салада да) туындайтын ретсіздікті қалыпқа келтіруге бағытталған жүйе.
5S жүйесі әдістемесінің құрамдас бөліктері
5S әдістемесі жұмыс құрылымында бес негізгі қағидаға, немесе жапондарша айтсақ, 5 қадамға негізделген. Оларды қысқаша қарастырайық.
1-ші қадам — «Сэири», жапон тілінен аударғанда сұрыптауды, барлық қажетсіз, пайдасыз, зиянды нәрседен арылуды білдіреді.
Тәжірибелік тұрғыдан алғанда 5S жүйесінің бұл тармағы жұмыстағы барлық қоршаған заттарды: қажетті және қажетсіз деген екі топқа бөлуді меңзейді. Адамдар заттарды үш санатқа бөліп сұрыптайды:
Қажетсіз, яғни қайта өңдеуге жіберілетін заттар;
Қажет болып қалуы мүмкін — анда-санда пайдаланылуы ықтимал заттар — оларды бөлек орналастырады;
Қажетті — күнделікті жұмысқа керек заттар, яғни оларсыз жұмыс тоқтап қалады.
Бұл қадам еңбектің мәдениеті мен қауіпсіздігін арттырады деп есептеледі.
2-ші қадам — «ұқыптылық, тиісті тәртіптің сақталуы» деп аударуға болатын «Сэйтон».
Бұл қадам күнделікті жұмысқа қажетті заттарды ретке келтіруге бағытталған. Заттарды керек кезінде оңай алуға болатын жерлерге орналастыру. Жылдам іздеп, таба алу үшін барлық заттарға белгі қоюға кеңес беріледі.
3-ші қадам — «Сэисо» — «ретке келтіру, таза сақтау, жылтырату» деп аударылады.
Бұл қадам өндірісте тазалық орнатуға бағытталған. Жұмыс орнын визуалды етіп бірнеше функционалды аймаққа бөлу керек. Барлық құралдарды таза ұстау, оларды уақтылы тексеріп тұру керек. Бұл нәрсе тиімді жұмыс жасауға кедергі келтіретін мәселелердің алдын алуға көмектеседі, мысалы, заттардың бұзылуы мен істен шығуы.
4-ші қадам — «Сэикэцу» — тура аударғанда «стандарттау» деп аударылатын сөз.
Бұл кезеңде аталмыш үш қадамды жүзеге асырудан пайда болған нәтижелері талданады, нәтижелер арнайы жазу кітапшасына жазылады (немесе электронды түрде жазып алынады). Ең тиімді шешімдер жұмыс процесін стандарттау мен автоматтандыруға бекітіледі.
5-ші қадам — «Сицуке» — бұл ұғым аудармада «жетілдіру, тәртіпті, жүйені, тұрақтылықты қалыптастыру» дегенді білдіреді.
5S-ті философия түрінде түйсінуге бағытталған соңғы қадам. Алдыңғы қадамдарды жүзеге асыру барысында пайда болған ұқыпты, үнемді өндіріс жүйесі тұтас алғанда бүкіл жұмыс тиімділігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, тайм-менеджменттің басты мақсаты да осы.
Көзқарастар мен пікірлер
Егер сіз жапондық 5S жүйесін пайдаланып үлгерсеңіз немесе бұл туралы достарыңыз бен әріптестеріңізден естіген болсаңыз, пікір қалдырып, оның берген нәтижелері жөнінде айтып беруіңізге болады.