1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі тек Кремльдің ғана емес, сонау Токионың да назарынан тыс қалмаған. Жапон дипломаттары Алматыдағы саяси ахуалды жіті бақылап, алаңда өрбіген оқиғаның жай-жапсарын құпия жеделхаттар арқылы өз еліне жолдап отырған. Биыл айтулы оқиғаға 40 жыл толады. Осы тарихи белес қарсаңында көпшілікке беймәлім тың деректер табылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жапонтанушы-тарихшы Олжас Қуанбай Жапония Сыртқы істер министрлігінің архивінен Желтоқсанға арналған 97 беттік құжатты анықтаған. Онда наразылықтың шығу себептері, Мәскеудің кадрлық шешімінің астары және сол кездегі қазақ қоғамының көңіл күйі баяндалады. Dalanews.kz тілшісі ғалыммен Токио қорындағы жазбалардың тарихи маңызы жөнінде әңгіме өрбітті.

Зерттеушінің сөзінше, ұзақ уақыт бойы құпия сақталып келген архивтік материалдар тек 2019 жылғы 20 қарашада көпшілікке қолжетімді болған.

Олжас Қуанбай тарихи материалдарды 2025 жылғы 14 қарашада Токиодағы Жапония Сыртқы істер министрлігінің архивінен тапқан. Ол кезде зерттеуші Токио шет тілдер университетінде ғылыми жұмыспен айналысып жүрген.

«PhD жапонтанушы-тарихшы ретінде өз салама қатысты зерттеу жүргізіп, архив материалдарын зерделеу барысында Желтоқсан оқиғасына қатысты құжаттарға кезіктім. Оларды 2025 жылғы 14 қарашада, сағат 14:54-те таптым. Сол жылы жапон тарихына арналған кітабымды жазып жатқандықтан, бұл деректерді бірден жариялауға мүмкіндік болмады», – дейді зерттеуші.

Айтуынша, аталған архивте Қазақстан тарихына қатысты өзге де құнды материалдар бар. Солардың қатарында 1969 жылғы Жалаңашкөл қақтығысы мен Іле қазақтарының тұрмыс-тіршілігі туралы жазбалар кездеседі.

«Қазір құжаттарды жапон тілінен аударып, бір жинаққа топтастырып жатырмын. Алдағы уақытта оларды архивтік жинақ ретінде шығару жоспарымда бар», – дейді Олжас Қуанбай.

Желтоқсан оқиғасына қатысты алғашқы құжат екі бөлімнен және алты архивтік жазбадан құралған. Жалпы көлемі – 97 бет. Материал Жапония Сыртқы істер министрлігінің архивінде «Кеңестік ішкі саясат және ұлттық жағдайлар» деген атаумен сақталған. Ал Алматыдағы оқиғаға арналған бөлімдердің біріне «Алма-Атадағы жаппай тәртіпсіздік оқиғасы» деген атау берілген.

Көтерілістің алғашқы күндеріндегі мәліметтер блокнотқа асығыс жазылған қолжазба түрінде тіркеліп, кейін Токиоға жеделхат арқылы жолданған. Құжаттардың бірінде «№609 құпия құжат» деген белгі қойылған.

«Құжаттағы саяси тұлғалардың есімдері арнайы таңбалармен шифрланған. Мысалы, Қонаев – «Ку», Колбин – «Ко», Рыжков – «Ру», Горбачев – «Го», Брежнев – «Бу» деген белгілермен берілген», – дейді тарихшы.

1986 жылғы 24 желтоқсандағы мәлімет аса құпия әрі шифрланған №11-027 жеделхатымен жіберілген.

Құжаттарға қарағанда, Алматыдағы оқиға туралы мәлімет Жапонияның Кеңес Одағындағы дипломатиялық өкілдері арқылы жиналған. Бұл жұмысқа КСРО-дағы Жапонияның төтенше және өкілетті елшісі Ясуэ Катори, консул Сайки, дипломаттар Кёджи Комачи мен Тощио Цунодзаки қатысқан.

1984-1987 жылдары Кёджи Комачи Мәскеудегі Жапония елшілігінде елші Ясуэ Каторидің кеңесшісі қызметін атқарып, саяси сараптама мен кеңестік өкілдермен байланысқа жауапты болған. Ал елшіліктің бірінші хатшысы Тощио Цунодзаки саяси ақпарат жинап, Токиоға есеп дайындаумен және кеңестік журналистер мен шенеуніктерден мәлімет алумен айналысқан.

«Мәскеудегі елшілік пен жергілікті консулдықтар өзара шифрланған жеделхаттар алмасып, Кеңес Одағында болып жатқан оқиғалар туралы Токиоға үздіксіз ақпарат жіберіп отырған. Желтоқсан көтерілісіне қатысты құжаттарда елші Катори мен консул Сайкидің есімдері қатар кездеседі», – дейді Олжас Қуанбай.

1986 жылғы 29 желтоқсанда жолданған келесі құжат «КСРО-ның ішкі саясаты. Алма-Ата қаласындағы тәртіпсіздіктер» деп аталған. №6375 құжатқа «шұғыл» және «жедел өңдеу» белгілері қойылып, оның факс арқылы жіберілгені көрсетілген.

Жапон дипломаттарының талдауында Желтоқсан оқиғасының басты себептерінің бірі ретінде Мәскеудің Дінмұхамед Қонаевқа деген қазақ халқының қолдауын дұрыс бағаламауы көрсетілген. Құжатта Қонаевтың бастапқыда тау-кен саласының маманы болғаны, партиялық тәжірибесінің аздығына қарамастан республика басшысы ретінде халық арасында үлкен беделге ие болғаны жазылған.

«Жапон консулының тұжырымынша, КСРО басшылығы қазақтардың Қонаевты ерекше қолдайтынына атүсті қараған. Қонаевқа дейін республика басшылығына қатарынан үш рет орыс ұлтының өкілдері келген. Халық қолдауына ие қазақ басшысын қайтадан сырттан келген орыс азаматымен алмастыру қоғамның наразылығын туғызған», – дейді зерттеуші.

Архивте республикаға бөлінетін инвестиция мен өзге де салалардағы әділетсіздік салдарынан Қазақстан халқының одақтық орталыққа деген наразылығы бұрыннан жиналып қалғаны айтылады. Колбиннің тағайындалуы осы қарсылықтың ашық көрінуіне түрткі болған. Жапон дипломаттары бұл жағдайды тек бір адамның қызметтен алынуымен шектемей, ұлттық мүдде мен орталықтың саясаты арасындағы қайшылық ретінде бағалаған.

Жапон архивіндегі тағы бір назар аударарлық дерек – Геннадий Колбиннің Қазақстанға тағайындалуына КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Николай Рыжков ықпал етті деген тұжырым. Құжат авторлары Колбинді Рыжковтың сенімді адамы ретінде сипаттаған. Жапон консулының пайымдауынша, Мәскеу бұл кадрлық шешім арқылы Қазақстандағы табиғи ресурстарды игеру жұмысын күшейтуді көздеген.

«Архивте шамамен 1984 жылы Қазақ КСР аумағынан табиғи газ кен орны табылғаны айтылады. Чернобыль апатынан кейін Кеңес Одағында энергия тапшылығы тереңдеп, жаңа кен орнын игеру өзекті мәселеге айналған. Рыжков Қазақстанға келіп, жұмыстың баяу жүріп жатқанын сынға алған. Осыдан кейін өзінің сенімді адамы Колбинді республика басшылығына жіберу арқылы ресурстарды игеруді жеделдеткісі келген деген болжам жасалады», – дейді Олжас Қуанбай.

Алайда жапон дипломаты мұндай қадамның жергілікті халықтың қарсылығын туғызуы заңды болғанын атап өткен. Өйткені қазақстандықтар өндірістің кенже қалуын жергілікті басшылықтың қабілетсіздігінен емес, Мәскеудің инвестицияны әділетсіз бөлуінен көрген.

Жапон дипломаттары Желтоқсан оқиғасы жөніндегі мәліметтерді жинау кезінде «Правда» газетінің халықаралық саяси шолушысы Виталий Корионовпен де сөйлескен. Ол арнайы ұйымдастырылған кешкі ас кезінде Кёджи Комачи мен Тощио Цунодзакиге Алматыдағы оқиға туралы кеңестік биліктің ұстанымын жеткізген.

Корионов Қазақстандағы демографиялық ахуалға тоқталып, республикада орыс және өзге славян халықтарының үлесі жоғары екенін Тың игеру мен индустрияландырудың салдары ретінде түсіндіруге тырысқан. Ол мұны әдейі жүргізілген орыстандыру саясаты деп бағалауға болмайтынын айтқан. Сондай-ақ кеңестік журналист Желтоқсан көтерілісін Қонаевтың айналасындағы қызметінен айырылып қалудан қауіптенген адамдар ұйымдастырды деген нұсқаны алға тартқан.

«Оның жауабынан жапон дипломаттарының кездесуде қазақ халқының мүддесі, орыстандыру саясаты және ұлттық наразылық мәселелерін көтергенін аңғаруға болады. Корионов әңгіме басталмай жатып-ақ Кеңес Одағының ұлттық саясатын ақтауға тырысқан», – дейді тарихшы.

Деректерге сүйенсек, архивте кеңестік ресми ұстаныммен бірге жапон дипломаттарының дербес талдауы да сақталған.

Олжас Қуанбайдың назарын аударған тағы бір ерекшелік – жапон дипломатының сөз қолданысы. Құжаттарда «Қазақ КСР-і» немесе «Қазақстан халқы» деген ресми атаулармен қатар «Қазақ халқы», «Қазақ Республикасы», «қазақ басшылығы», «қазақтардың Қонаевты қолдауы», «Қонаевқа деген халықтың ыстық ықыласы» және «қазақ ұлтының ұлттық сезімі» секілді тіркестер жиі кездеседі. Бұл жапон дипломаттарының Алматыдағы наразылықты жай ғана тәртіпсіздік емес, ұлттық сипаттағы саяси құбылыс ретінде түсінуге тырысқанын көрсетеді.

«Кеңестік ресми ақпарат оқиғаны «ұлтшыл элементтер ұйымдастырған тәртіпсіздік» деп сипаттады. Ал жапон дипломаттары оның астарынан Мәскеудің кадрлық саясатына, ұлттық теңсіздікке және одақтық орталықтың республикаға деген көзқарасына қарсылықты байқаған», – дейді зерттеуші.

Кеңес Одағының ТАСС ақпарат агенттігі Желтоқсан оқиғасын «Алматыдағы тәртіпсіздіктер» деп хабарлаған. Ресми мәліметте студенттердің көліктерді өртеп, дүкендерді қиратқаны айтылғанымен, күштік құрылымдардың әрекеті мен зардап шеккендер туралы толық ақпарат берілмеген.

Жапонияның Asahi Shimbun, Yomiuri Shimbun және Mainichi Shimbun газеттері, сондай-ақ теледидар арналары 1986 жылғы 19–20 желтоқсанда ТАСС пен Мәскеуде жұмыс істеген Kyodo News және Jiji Press тілшілерінің хабарламаларына сүйеніп, Алматыдағы оқиға туралы жазған.

«Жапон басылымдары наразылықтың Қонаевтың қызметтен алынуы және оның орнына Қазақстанға қатысы жоқ Геннадий Колбиннің тағайындалуынан кейін басталғанын хабарлаған. Алайда шетелдік журналистерге Алматыға баруға рұқсат берілмегендіктен, оқиғаның шынайы ауқымы халықаралық қауымдастыққа толық жетпеген», – дейді Олжас Қуанбай.

Токиода сақталған құжаттар Желтоқсан оқиғасының Кеңес Одағының шекарасынан асып, шетелдік дипломаттардың назарында болғанын көрсетеді. Жапон өкілдері Алматыдағы наразылықты күн сайын бақылап, деректерді шифрланған жеделхаттармен Токиоға жеткізіп отырған.

Бұл жазбалар Желтоқсанды кеңестік ресми түсіндірмеден бөлек қырынан қарауға мүмкіндік береді. Құжаттарда Мәскеудің кадрлық саясаты, республиканың табиғи ресурстарына қызығушылық, инвестиция бөлудегі теңсіздік және қазақ халқының ұлттық мүддесі өзара байланыста талданған.

Тарихшы Олжас Қуанбай ендігі міндет архивтік материалдарды толық аударып, ғылыми айналымға енгізу екенін айтады.

«Желтоқсан оқиғасына қатысты әлі де ашылмаған дерек көп. Жапония архивіндегі құжаттар сол тарихи кезеңге сырт көзбен берілген бағалауды танытады. Оларды аударып, жүйелеп жариялау - Желтоқсанның ақиқатын тереңірек түсінуге қосылатын үлес», – дейді ол.