Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жіті панкреатит – ұйқы безінің қауіпті сырқаты

Жіті панкреатит - ұйқы безінің ұлғаюымен, ісінуімен қатар жүретін ауыр қабыну сырқаты. Кейде ұйқы безінің белгілі бөліктері зақымданып, сол жерлерде жұқпа пайда болып, кейін ол ағзадан тыс жерлерге де жайылуы мүмкін. Сырқат ауырсынумен, тәнді улайтын заттардың қанға бөлінумен өтеді. 80-жылдардың басында жіті панкреатитке шалдыққандардың 20 пайызы қаза болатын, 90-жылдардың соңына қарай бұл көрсеткіш 10 пайыз болды.

Ұйқы безі ауруларына соқтыратын себептер

Дертті дамытатын негізгі себептер - алкогольдік ішімдікке үйірлік және өттасы ауруы. Ішімдіктен болған панкреатит аурулардың 25-60%-да, негізінен ер адамдарда кездеседі. Өт қабы ауруларынан туындаған панкреатиттер 25-40% жағдайда, көбіне әйелдерде ұшырасады. Аталған екі топқа тағы үшінші топ - ұлтабардың аурулары қосылады, ал төртінші топқа бұдан басқа әртүрлі себептер жатады. Соңғы топқа жарақаттар, уытты дәрі-дәрмектер қабылдау, В және С гепатиттерін, паротитті қосқанда түрлі жұқпалар, қанда майдың шамадан тыс көп болуы жатады. Созылмалы панкреатит қантты диабет кезінде пайда болуы мүмкін. Кей адамдарда панкреатитке тектік бейімдік болады.

Ұйқы безінің зақымдануы және жіті панкреатиттің туындауы

Майлы және ақуызы мол тағамды біршама алкогольді ішімдікпен бірге қабылдау ұйқы безінің ферменттерді шамадан артық өндіруіне алып келеді. Бұл ферменттер ұйқы безі жолдары арқылы ішекке түсіп, ас қорытуға қатысуы тиіс. Егер ұйқы безінің жұмысы жеткіліксіз болса, оның жолдары ақуыз тығындарымен бітелуі мүмкін, осыдан келе ферменттер без тініне еніп, оны зақымдайды да ағзаның қабынуына алып келеді. Безге ішімдік, әсіресе оның ыдырауынан пайда болған ацетальдегид, үлкен нұқсан келтіреді. Осылайша жіті алкогольдік панкреатит дамиды.

Ауру белгілері және нақтамалануы

Іштің жоғарғы бөлігінің арқа жаққа беріле отырып, үдемелі ауыруы, жүректің айнуы, құсу, тәбеттің жоғалуы, іштің кебуі. Құсу адамға еш жеңілдік әкелмейді, одан кейін ауырсыну тоқтамайды. Жалпы әлсіздік, жүректің қағуы, дененің ысуы мүмкін.

Жіті панкреатиттің қауіптілігі

Ағзаның бүліну ошақтары - некроздар дамуы немесе бездің көп бөлігінің еруі (панкреанекроз) мүмкін. Осылармен бірге жіті жүрек-қан тамыр жеткіліксіздігі, тыныс алу, бүйрек жеткіліксіздігі жиі дамиды. Бұл аталған белгілердің салдарынан адам аурудың алғашқы күндерінде өліп кетуі мүмкін. Жіті панкреатит басталғаннан бір аптадан соң сырқаттың қаза болуына ұйқы безінде және оны қоршаған ағзаларда жұқпаның дамуы себеп. Бұл аурудан болатын өлім-жітім 30%. Асқынған сырқатпен қатар асқазан мен ішекте көбіне ойық жаралар пайда болып, олардан қан кетеді.

Жіті панкреатит белгілері байқалса, не істеу керек?

Шұғыл дәрігерге барыңыз. Сізді міндетті түрде ауруханаға жатқызу керек. Ол жерде ауырсыздандыру шаралары жасалып, ағзаны тазартатын қарқынды ем жүргізіледі. Егер ұйқы безінде бүліну ошақтары болса, оталау қажет.

Егер жіті панкреатитті бастан өткерсеңіз

Бұл аурумен сырқаттанған адамдар бір жыл бойы гастроэнтерологтың бақылуында болуы тиіс. Бұл кезеңде ащы, майлы, қуырылған тағамнан және спиртті ішімдіктерден мүлде бас тарту керек. Бұл жіті панкреатит қайталанбау үшін қажет.
Панкреатитті емдеуде міндетті шарт - дәрігердің кәсіби деңгейінің жоғарылығы және біліктілігі, сондай-ақ емделушімен бірлесе отырып, нәтижелі жұмыс жүргізу.

Г.Ж. Жатқанбаева терапевт дәрігер


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама