Париждің Givenchy және Christian Dior сән үйлерінде жұмыс істеген аты аңызға айналған сәнгер Джон Гальяно масс-маркет бренді Zara үшін алғашқы коллекциясын шығарды. Жаңа науқанның превьюін Vogue журналы жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Коллекция Re{form} Zara Authored by the Couturier John Galliano деп аталды. Дизайнер негізге Zara-ның дайын заттарын алып, оларды қайта ойластырып, пішінін, пропорциясын және бөлшектерін өзгертті.

Мысалы, жүн пальтосын қайта пішіп, қалталарының орналасуын, қаусырмасының пішінін және төменгі бөлігінің ұзындығын өзгертті. Кружево әшекейлі комбинация көйлегін мойын төңірегінде көлемді бөлшегі бар модельге айналдырды, ал мақта жейдесін XXXL–XXXXL өлшемдеріне дейін үлкейтіп, одан теріге еліктеген принті бар жакет жасады.

Гальяноның айтуынша, жұмысында ол «ресэмплинг және цифрлық микширование» принципін қолданған: дизайнер бар заттарды алып, оларды қайта жинады. Коллекцияда мөлдір тюльден жасалған модельдер, тарихи костюмдерге сілтеме жасайтын жакеттер мен аксессуарлар да пайда болды.

Атап айтқанда, Vogue жазуынша, дизайнер Француз революциясы дәуірінің бейнелеріне — les Incroyables және les Merveilleuses силуэттеріне жүгінген. Бұл мотивтер оның 1984 жылы Central Saint Martins-тегі коллекциясында да кездескен.

Заттардың бағасы $29,90-нан (шамамен 14,4 мың теңге) басталады. Салыстыру үшін, Гальяноның Christian Dior үшін жасаған кутюр жұмыстарының бірі 2026 жылдың қаңтарында €663 мыңға (шамамен 380 млн теңге) сатылған.

Дизайнердің Zara-мен ынтымақтастығы екі жылға жоспарланған және төрт коллекция шығаруды көздейді. Гальяно үшін бұл жоба 2024 жылы Maison Margiela-дан кеткеннен кейінгі алғашқы ірі жұмысы болды.

Re{form} Zara Authored by the Couturier John Galliano алғашқы коллекциясы әлемдегі Zara бутиктеріне жетуі тиіс.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle Метрополитен-музей мен Анна Винтурдың британ дизайнерінің ретроспективасын неге тоқтатқанын жазған болатын.