Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жүрек тамырларының атеросклерозы

Жүрек тамырларының атеросклерозы (тамыр қабырғасына май қосындысының қабаттануы) өзіне тән белгісі – ауру ұстамалы болады немесе оны жүрек талмасы (грудная жаба) деп атайды. Стенокардия кезінде жүрек оттегіні көбірек қажет етуінің белгісі.

Мұндай жағдайда адам жүріп келе жатса, тұра қалуы; жұмыс үстінде болса, оны қоя қоюы керек. Әдетте 2-3 минут тыныштық берілсе, жүректің ауырғаны басылады. Жүрісті немесе жұмысты тоқтата тұру организмге қажетті оттегіні үнемдеп, оны жүрекке қалдыруға мүмкіндік береді.

Егер ауру бұған да қоймаса немесе жүрек демікпесі жай отырғанның өзінде ұстаса, тілдің астына дереу валидолды немесе нитроглицериннің 3-4 тамшысы тамызылған кішкене шақпақ қантты сала қою қажет.

Бұл дәрілерден кейін көбіне ұстама ауруы тарайды. Ауру өзінен-өзі басылады деп валидолды немесе нитроглицеринді пайдаланбауға болмайды. Жағдайды ауырлатпай, жүректің ауырғанын басу керек. Жүрек сырқаты бар адам сатымен көтерілерде, ауыр жүк көтергенде, іші қатып күшенгенде ауруы ұстап қала ма деп қорқады, мұндайда валидол немесе нитроглицерин дәрісін алдын ала ішіп алу керек. Кейбіреулер бұл дәрілерге организм үйреніп алады да, олардың ешбір әсері болмайды деп ойлайды. Ол қате, организмнің бұлайша дағдыланғаны байқалған емес.

Іш қатпасын кетіру өте қажет, бұған қара өрік, кепкен жемістен қайнатылған компот, бал, айран, жеміс, көкөніс және жеміс-жидектер, сонымен қатар іш айдағыш дәрілер – пурген, вазелин майы, рауғаш тамыры, қаражеміс қабығы, жостер көмектеседі.

Жыныс қатынасын тежеген жөн. Егер артерия атеросклерозы ауыр болса, оны мүлде қою керек.

Ұстама кезінде жүректің тұсына немесе көкірекке қыша қойған жөн.

Еңбек пен демалысты дұрыс ұйымдастыра білу керек, ұйқының қанық болғаны абзал. Жұмыста аласұрып, тынышсыз болмаған жөн. Мұндай сырқаты бар адамдарға түнгі ауысымда және артық жұмыс істеуге болмайды. Ол не болса соған қынжылмай, өзін-өзі ұстай білуі тиіс. Оны үйдегі адамдар да және жұмыстағы жолдастары да мүмкіндігінше қорғап, ренжітпеуі керек.

Жүрек-тамыр ауруы бар адам бұрын қара жұмыс істеп әдеттенбеген болса, дем алмай сатымен жоғары көтерілуіне, бес килограмнан артық жүк көтеруіне, шапшаң жүруіне болмайды.

Адамға 8-9 сағат ұйықтау қажет, мүмкін болса күндіз 1-2 сағат тыныққаны жөн. Кейбіреулер бір апта бойы шала ұйықтап, демалыс күні ұйқыны бір-ақ қандыруға болады деп ойлайды. Ол – қате. Ұйқыны бірте-бірте азайта беру әдетке айналады да, ол денсаулыққа әсер етеді. Егер адам ұйықтай алмаса, оған ұйықтар алдында біраз қыдырыстап келіп, денесін сулы шүберекпен ысқылауы немесе жылы бұлауға түсуі керек. Ұйықтар алдында ақыл-ой еңбегімен шұғылдануға, оқуға болмайды, өйткені ол ұйқыны қашырады, жайсыз түс көреді. Адамның қанық ұйықтауына темекі де, ішкілік те, кешкі сағат 6-7-ден кейін ішкен ащы және майлы тамақ та әсер етеді.

Демалыс күндері шамалы уақыт серуендеп жүру, көлеңкелі жерде отырып балық аулау жүйкені нығайтады.

Атеросклерозы бар адамның темекі шегуіне болмайды. Никотин денсаулыққа зиянды, қан тамырларын тарылтып, кейін гангренаға (еттің шіруіне) ұшыратады. Темекі шекпеу жүрек тамырлары склерозының қатты асқынуынан сақтандырады, басталған емді нәтижелі етеді.

Ішкілік те қан тамырларын кеңейткенмен, денсаулыққа зиян. Бұдан алғашқы кезде дененің негізінен жоғарғы жағындағы тамырлары кеңиді, бірақ көп ұзамай бітеліп қалады. Ішкілік склерозға ұшыраған тамырларға жақпайды, қабыстырып тастайды. Ішкіліктің қан ұюын күшейтетін, оның миокард инфарктіне соқтыратынын көп адамдар білмейді.

Тамақтану

Оның негізгі шарттары – сабырлылық, мал майын неғұрлым аз жеу. В тобындағы витаминдер мен С витамині мол сүт пен өсімдіктен даярланған тамақтар ішкен жөн. Күніне төрт рет, жатардан 2-3 сағат бұрын ауқаттану керек.

Тамақ құрамында мал майы, семіз ет, балық, ми, бүйрек, жұмыртқаның сарысы, уылдырық, балық майы сияқтылар тым аз болғаны жақсы. Сары майды күніне 15-20 грамға дейін жеуге болады. Өсімдік майының барлық түрлерін, ірімшік, соя бұршағы, жұмыртқаның ағы, майшабақ, арық треска, арпа және сұлы жармалары, күріш, арық сиыр еті, көк пияз, қызанақ, шалғам, картоп, цитрустар жұғымды.

Семіруге бет алған сырқат адамдардың емдәм сақтауы өте маңызды. Салмақты май мен көмірсуларды – тәтті тағамдарды, ақ нанды және ұннан пісірілген басқа да тамақтарды тежеп, кемітуге болады. Дәрігердің ұйғаруымен кейбір күндері аптасына бір рет тамақ ішпеген пайдалы.

С. Х. Сұбханбердин


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама