Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Жиған-терген
Оюын ойып,
Орындап қойып,
Түр салғандай өрнекке,
Қиыннан қиып,
Қиырдан жиып,
Құрап, сөзді термекке,
Еңбекке егіз тіл мен жақ,
Ерінбесең, сөйлеп бақ!
Именіп көптен,
Сақтық қып еппен,
Тасалама ойыңды!
Ашынса етің,
Ашылмақ бетің,
Тірі көмбей бойыңды,
Жүрегіңнің жарасын
Көрсет жұртқа!
Қарасын.
Оқушым, ұқпай,
Осқырып шықпай,
Сабырмен байқа сөзімді!
Шыққан соң сыртқа,
Жайған соң жұртқа,
Сөз тергеуге төзімді.
Көп мағына, аз ләфүз,
Есек баспас тайғақ мұз.
Қарқылдар қарға,
Шиқылдар арба,
Бой сүйсінер сазы жоқ.
Шешенсіп жұртқа,
Мылжыңдар қыртпа,
Ой исінер сөзі жоқ.
Маған үлгі ол емес,
Ол түсерлік жол емес.
Жолдар бар өзге,
Жоба бар сөзге
Жүрекке дөп, ойға жон.
Жаманды жаман
Демекпін һаман,
Мейлің тула, мейлің көн.
Иланбасам, айтпаймын,
Иманымнан қайтпаймын.
Әр жолды ойлап,
Ойыма бойлап,
Ұқтым тайыз, тереңді.
Сайраған тілмен,
Зарлаған үнмен
Құлағы жоқ кереңді
Ұқтыра алмай сөз әуре,
Тек тұра алмай біз әуре.
Қараймын кейін:
Орысқа шейін
Хан бағыпты қазақты.
Баға алмай жөндеп,
Басқаға кен деп,
Артқан жұртқа азапты.
Бас адамдар халықты
Сатып, сыйлар алыпты.
Келген соң бері,
Кейінгілері
Болды құмар шекпенге -
Өгіздей өрге,
Өткелсіз жерге
Күнде айдап жеккенге.
Бір күн тойса есектер,
Ми жоқ алдын есептер.
Салынып дауға,
Сатылып жауға,
Болыстықты алысты.
Қазық боп жұртқа,
Қорған боп сыртқа,
Кім ойлады намысты?!
Мақтады ұлық, болды мәз,
Қауым үшін қайғы аз.
Оқытты жасын,
Өстіртіп шашын,
Мал табуға салынды.
Қаламнан, хаттан,
Жауаптан айтқан
Білді жалғыз алымды.
Кейбірі шен алмақ та,
Дінін шаншып қармаққа.
Басында сәллә,
Аузында Алла,
Молдаларда не ғамал?
Көздерін сүзіп,
Жүздерін бұзып,
Алдап жұртты, жимақ мал.
Ұжмақ молда қолында,
Сауда-саттық жолында.
«Бергенге - ұжмақ,
Бермесе - дозақ», -
Деп үйретер халыққа.
Ұжмақтың кілтін,
Алланың мүлкін
Арендаға алып па?
Молда сатса тиынға,
Ол - Алла емес, сыйынба!
Шалқаңнан жатып,
Аллланы сатып,
Аламын деп қорлама!
Еңбексіз ит жер,
Бейнетсіз бит жер,
Берсеңдер, бер молдаға!
Өзіңді бірақ алдама,
Ақшаға ұжмақ жалдама!
Ұлғайып қайғы,
Уытын жайды,
Айтпасыма болмады.
Қабағын түйіп,
Қаһарын жиып,
Жан-жақты бұлт торлады.
Жаңбыр жаумай, жауса қар,
Жұрт жұтайтын түрі бар.
Балалық қалып,
Ес біліп анық,
Ер жеткелі жиырма жыл.
Баяғы қалпы,
Баяғы салты,
Бұл неткен жұрт ұйқышыл?
Болсын кедей, болсын бай,
Жатыр бейқам, жым-жырт, жай.
Емшегін еміп,
Анаға сеніп,
Бала ұйықтайды жастықпен.
Қымызға қанып,
Қызарып жанып,
Бай ұйықтайды мастықпен.
Шалап ішкен кедей мас,
Мына жұрттың түрі оңбас!
Ұйқышыл жұртты
Түксиген мұртты
Обыр обып, сорып тұр.
Түн етіп күнін,
Көрсетпей мінін,
Оятқызбай қорып тұр.
Обыр болса қамқорың,
Қайнағаны сол сорың!
Оянған ерге
Ұмтылған жерде
Еруші аз, серік кем.
Қас білген досты,
Дос білген қасты,
Мұндай елді көріп пе ең?
Қыс ішінде бірер қаз
Келгенменен, қайда жаз?!
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді, оянып.
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама