Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 апта бұрын)
Жиырма үй менің көршім – Қарабатыр...
Жиырма үй менің көршім – Қарабатыр,
Алпыс үй, бәрі кедей Әнет жатыр.
Нашар ата баласы дейді оларды,
Еңбектерін бұл күнде ұмытты ақыр.

Шетінен батыр еді жуантаяқ,
Ел жауын жеңген жанын аямай-ақ.
Жуандар пайдаланып ерлік күшін,
Тұқымын батырлардың қылды саяқ.

Әнет бабам үш жүзге мәлім болған,
Адалдықпен басына бақыт қонған.
Жетім қап балалары, кедей болып,
Әділетсіз заманда бақты солған.

Бәкеме қажы екен бөліп берген,
Біледі мұны анық көзі көрген.
Бәкем өліп қалған соң жастайынан,
Әнет пен Қарабатыр маған ерген.

Көп түстім мен олардың дауларына,
Нақақтан бергенім жоқ жауларына.
Берекесі кетпеген нашар елді
Түсірмедім қулардың ауларына.

Олар да шықпап еді ақылымнан,
Қалмаған жанын аяп мақұлымнан.
Әділетсіз ісіне шыдай алмай,
Араздасып айрылдым жақынымнан.

Іні-бауыр тізгінді қолдан алып,
Тұғырдан түстім бүгін мен қартайып.
Берекесін кетіріп кедей елдің,
Әкімге сорлыны жеу болмады айып.

Зорлық көрген молама күнде келіп,
Жаздырмай жазуымды көңіл бөліп.
«Партияға кірісіп нең бар?» дейді,
Оларға айтсам қиянат ісін көріп.

Досыма айтам: «Қулардың тіліне ерме,
Партиясына ешкімнің ере көрме.
Ноқтаға басыңды ілсең, шыға алмайсың,
Бірлік бұзып, кетіріп, еркің берме» –

Десем де бәрі кетті тілімді алмай,
Ағайын айтқаныма құлақ салмай.
Сайтан билеп кеткен соң амалым не,
Қайтейін жапанда өзім жалғыз қалмай.

Еш адамды қалдырмай қасыма да,
От пен су, өзім жүрем асыма да.
Елсізде жалғыз жатып жазу жазам,
Қарамай тақап қалған жасыма да.

Қарабатыр, қоштастым Әнетпенен,
Тек қана бөлек еді жаным сенен.
Мені енді есепте өлген шал деп,
Жуандар санаспайды меніменен.

Ақылым – еңбек істе, егінің сал,
Ерінбей жерді емсең, табылар мал.
Партияға салынба бірлік бұзып,
Желіктірсе – желікпе, тілімді ал.

Партия қуған қуларың азып-тозар,
Арамдықпен өмірді қанша созар.
«Байдың малы болады бір борандық» –
Бәрінен адал еткен еңбек озар.

Жасымнан сендер едің менің елім,
Аяушы едім қайысып, сынып белім.
Тірлігімде тілімді алмасаң да,
Өлгеннен соң дерсіңдер: «Қамқоршы ерім».

Молама, есіңе алып, келерсіңдер,
Сөзімді оқып, ойланып көрерсіңдер.
Айтқаным тапжылмастай келгеніне
Көз жетіп, сонда ғана сенерсіңдер


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама