Бүгін, 11 тамызда, Түркістанда УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің жауапты матчы өтеді. Алматылық «Қайрат» болгариялық «Левски» командасымен кездеседі. Ойын қарсаңында полиция футбол жанкүйерлеріне ескерту жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«ІІМ жаңалықтары» Telegram-арнасында хабарланғандай, құқық қорғау органдары «Түркістан Арена» стадионында өтетін матч басталар алдында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтті. Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға шақырады.

«Футбол матчын тамашалауға келген жанкүйерлерді бір-біріне құрметпен қарауға, арандатушылық әрекеттерге жол бермеуге, қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға және белгіленген қауіпсіздік талаптарын қатаң орындауға шақырамыз», — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін болгариялық «Левски» УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/27 маусымында қазақстандық «Қайратқа» қарсы өз алаңында жеңіске жеткен болатын. Жауапты матч 11 тамызға «Түркістан Аренада» белгіленген еді. Алматыдағы Орталық стадион 14 тамызға жоспарланған америкалық рэпер Канье Уэстің концертіне байланысты бұл ойынды қабылдай алмайды.