Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом өлім жазасын күтіп отырған барлық сотталған адамның жазасын жеңілдетуге шешім қабылдады. Штатта өлім жазасына кесілген 548 адам өлім жазасын күту камераларында ұсталған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, үкімдер мерзімінен бұрын шартты түрде босату құқығынсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Агенттік дерегінше, АҚШ-та өлім жазасына кесілгендердің ең көп саны дәл Калифорнияда шоғырланған — елдегі өлім жазасын күтушілердің жалпы санының 25 пайызы. Сонымен қатар штатта соңғы өлім жазасы жиырма жыл бұрын орындалған.
Ньюсом 2019 жылы штатты басқара бастаған кезде өлім жазасын орындауға мораторий енгізген, ал қазір барлық сотталғанның жазасын жеңілдетті. Саясаткер өлім жазасын моральдық тұрғыдан қабылдауға болмайды деп санайды.
«Бұл шешімді мемлекеттің рұқсатымен жасалған кісі өлтіру Калифорнияның құндылықтарына сыймайды, біздің құқықтық жүйеміздің негізін әлсіретеді және әрқайсымызды қорлайды деп берік сенетіндіктен қабылдап отырмын», — деді губернатор.
Ньюсом өзінің шешімі штатта өлім жазасын қолдайтын сайлаушылардың ұстанымына қайшы келетінін мойындады. Сонымен қатар бұл шешім штаттың Жоғарғы сотында қаралуы талап етілуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Теннесси штатында өлім жазасына кесілген әйел АҚШ-та екі өлім инъекциясынан кейін тірі қалған болатын. Криста Пайк өлім жазасының орындалуын шамамен 30 жыл күтті. Әйел 1995 жылы курстасын қатыгездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп танылған. Пайк 1819 жылдан бері Теннессиде өлім жазасына кесілген тұңғыш әйел болуы тиіс еді. Американдық Пайктің адвокаттары оның түрмеге қайтарылғанын мәлімдеді. Жазаны орындау әрекетінен кейін ол түрменің медициналық блогында толық дерлік оқшаулауда отыр.


