Ресейдің Украинаға қарсы толыққанды соғысы басталған 2022 жылдың ақпанынан бері Еуропалық одақ Киевке 220 миллиард еуродан астам көмек көрсетті. Бұл туралы ЕО дипломатиясының басшысы Кая Каллас Страсбургте Еуропарламенттің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ЕО дипломатиясы басшысының сөзі Еуропалық одақ дипломатиялық қызметінің ресми сайтында жарияланды. Калластың айтуынша, ЕО мен оған мүше мемлекеттер тарапынан Украинаға көрсетілген әскери қолдау 78 миллиард еуродан асқан.

Сонымен қатар Украинаны қолдауға арналған кредит екі жыл ішінде 90 миллиард еуро бөлуді көздейді, оның 60 миллиарды әскери көмекке жоспарланған. Оның ішінде Patriot зымырандарын сатып алуға арналған қаражат та бар — 8,35 миллиард еуро төленіп қойды.

«Еуропалықтар тарапынан ең айқын әрі дереу қажет жауап — Еуропалық бейбітшілік қоры аясында қолжетімді қаржыландыруды пайдалану. Біз әскери қолдауға тағы бір миллиард еуро бөле аламыз. Мен осы қаражатты бөлу бойынша мүше мемлекеттермен жұмыс істеп жатырмын», — деді Каллас.