Канада АҚШ-тың канадалық тауарларға қатысты жалпы құны шамамен 20 миллиард долларды құрайтын жаңа 50 пайыздық баж салығын енгізуіне жол бермеу үшін шұғыл дипломатиялық шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Канада премьер-министрі Марк Карни АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті. Премьер кеңсесінде саясаткерлер жалғасып жатқан сауда келіссөздерін талқығандарын, алайда әңгіме мәліметтерін жарияламағандарын хабарлады.
Жаңа баж салығы 19 тамызда күшіне енуі тиіс. Олар шамамен 20 миллиард долларлық канадалық импортқа әсер етіп, бұрын USMCA (АҚШ, Мексика және Канада арасындағы келісім) аясында жеңілдік режимін пайдаланған тауарлардың бір бөлігіне де таралады.
Келіссөздердегі басты кедергілердің бірі — канадалық автомобильдерге қатысты америкалық тарифтер. Қазіргі ставка 25 пайызды құрайды. Тараптар оны 15 пайызға дейін төмендету мүмкіндігін талқылап жатыр, кейін автомобильдегі америкалық компоненттердің үлесіне қарай одан әрі азайту қарастырылуда. Бұл ретте Вашингтон тек АҚШ-та өндірілген бөлшектерді ғана есепке алуды ұсынса, Оттава барлық солтүстікамерикалық компоненттерді, оның ішінде канадалық және мексикалық бөлшектерді қосуды талап етуде.
Канадалық автокөлік өнеркәсібі өкілдері тіпті 15 пайыздық ставканы да тым жоғары деп санайды. Олардың бағалауынша, баж салығы енгізілгенге дейін саланың орташа рентабельділігі шамамен 6 пайызды құраған.
Канадалық келіссөзшілер Вашингтонда консультацияларды жалғастыруда. Бұған дейін олар АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грирмен және сауда министрі Говард Лютникпен екі сағатқа жуық кездесу өткізген болатын. Канадалық бизнес жаңа баж салығы жұмыс орындарының қысқаруына және кәсіпорындардың жабылуына, әсіресе орман, шарап және сүт өнеркәсібінде әкелуі мүмкін екенін ескертуде.
Канада үкіметі бұған дейін тарифтер күшіне енген жағдайда, зардап шеккен салаларды қолдау және екіжақты сауда келіссөздерін тоқтата тұру мүмкіндігін қоса алғанда, әртүрлі жауап нұсқаларын қарастырып жатқанын мәлімдеген.


