Канада АҚШ-тан әкелінетін тауарларға 15%, 25% және 50% мөлшерінде жауап баж салығын енгізетінін хабарлады, деп хабарлайды infohub.kz.

Канада қаржы министрлігінің мәліметінше, жаңа баж салығы болат, электроника, сүт өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы, тұрмыстық техника және целлюлоза-қағаз өнеркәсібін қамтиды. Шектеуге ілігетін тауарлардың жалпы көлемі 20 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр.

Үкімет мәлімдемесінде: «2026 жылдың 8 қыркүйегінен бастап Канада тауарларға 15%, 25% және 50% мөлшерінде баж салығын енгізеді... Канаданың жауап баж салығы АҚШ-тан әкелінетін 27,6 миллиард канада доллары (19,9 миллиард АҚШ доллары – ред.) көлеміндегі өнімге қолданылады және негізінен болат, сүт өнімдері, тұрмыстық техника, ауыл шаруашылығы техникасы, целлюлоза-қағаз өнеркәсібі және электроника сияқты АҚШ баж салығынан көбірек зардап шеккен секторларға бағытталады», — делінген.

Сонымен қатар, Канада билігі баж салығының енгізілуінен зардап шегуі мүмкін жергілікті кәсіпкерлер мен жұмысшыларды қолдау үшін 5,4 миллиард АҚШ доллары бөлінетінін жеке хабарлады.

Бұған дейін Канада премьер-министрі Марк Карни Оттава АҚШ-қа қатысты «долларға доллар» принципі бойынша жауап баж салығын енгізетінін мәлімдеген еді. Бұған жауап ретінде АҚШ президенті Дональд Трамп Канада саясатын сәтсіз деп атап, ел басшылығын, оның ішінде премьер-министр Марк Карни мен Онтарио провинциясының премьері Даг Фордты құзыретсіз деп сынады.