Алматыда американдық рэпер Канье Уэсттің концерті ұйымдастырушы компанияға қаржылық шығын әкелді. Енді осындай деңгейдегі әртістерді Қазақстанға шақырудың болашағы күмәнді болып тұр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Канье Уэсттің Қазақстандағы концертін ұйымдастырған компанияның негізін қалаушы Данна Карагусова BeWoman форумында сөйлеп, осындай деңгейдегі жұлдыздарды әкелу тиімсіз бола бастағанын мойындады.

«Біз сияқты жекеменшік ұйымдарға үлкен әртістерді әкелу тиімсіз болып барады — билет бағасы аспандап кетеді. Мұнда ең алдымен мемлекеттің қолдауы керек. Сонда ғана әлемдік жұлдыздар осында келіп, халқымызға билет қолжетімді болады. Канье Уэсттің концерті біз үшін, холдинг ретінде, үлкен минус болды. Мұны ашық айтамын. Жұмыс істедік, бәріне ұнады, бірақ холдинг үшін қаржылық тұрғыдан тиімсіз болды. Ал мемлекеттің қаржылық қолдауынсыз мұндай әртісті әрі қарай әкелу жай ғана рентабельсіз болып кетеді», — деді Данна Карагусова.

Ол сондай-ақ осындай орындаушыларды шақырудан пайда көретін елдер мұны Қазақстаннан бұрын жасайтынын атап өтті.

Еске салайық, Канье Уэсттің концерті 14 тамызда сағат 21:00-де Алматының Орталық стадионында өтуі тиіс еді. Алайда шоу басталар алдында көрермендерге оның 15 тамызға ауыстырылғаны хабарланды. Әртістің өзі айтуынша, себебі — ауа райы жағдайы. Нәтижесінде концерт сенбіде, 15 тамызда өтті. Уэсттің өнер көрсетуі барысында көрермендер лазерлік шоу мен отшашуды тамашалады.